458.85 503.5 5.59
A+ A A-

ШҚО-да ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

ШҚО-да ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

26 қараша күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, еңбек ардагерлері мен өңірдің бірқатар шаруашылық өкілі қатысты. Филармония фойесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда облыстың әр ауданында өндірілетін түрлі өнім көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеден кейін салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, сала үздіктерін марапатталды. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің өңір экономикасын дамытудағы маңызына тоқталып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Бүгінгі айтулы мереке күнделікті қажырлы еңбегімен ауыл шаруашылығының дамуына, азық-түлік өнімдерін өндіріп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген барша азаматтың басын қосып отыр. Агроөнеркәсіптік кешен – Шығыс Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Осы саладағы жетістіктер мыңдаған ауыл еңбеккерлерінің, фермерлер мен өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің еңбекқорлығы, кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығының арқасында жүзеге асып келеді. Соның нәтижесінде облыс тұрғындары сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіліп, ауылдық аумақтар дамып, өңір экономикасы нығая түсуде. Мереке құтты болсын! – деді облыс әкімі.

Мәлім болғандай, биыл күрделі ауа райы жағдайына қарамастан, облыс шаруалары ауыл шаруашылығы саласының оң даму қарқынын сақтап қалған.

– Шығыс Қазақстан – еліміздегі азық-түлік өнімдерін өндіруші жетекші өңірлердің бірі. Облыс өсімдік майы, тұздалған ірімшік және бал өндіруден республикада бірінші орында тұр. Ал балқытылған ірімшік, консерві, жаңа ауланған балық пен шұжық өнімдерін өндіру бойынша екінші орында. Сондай-ақ құс еті, қарақұмық жармасы, қымыз және құрт өндіруден еліміздегі жетекші үш өңірдің қатарына кіреді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

 

Салтанатты жиында саланың дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдары мен ардагерлері марапатталды. Атап айтқанда, Президент Жарлығымен Шемонаиха ауданындағы «Убинское-Ш» ЖШС директоры Әйткен Шурманов пен Марқакөл ауданындағы «Бекзат-2024» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Данияр Оразиманов «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал «III дәрежелі Еңбек Даңқы» орденіне Ұлан ауданындағы «Қайрат» шаруа қожалығының механизаторы Ерік Макариев пен Күршім ауданындағы «Сырым» шаруа қожалығының тракторшысы Өмірбек Далабаев ие болды. Сондай-ақ Алтай ауданындағы «Бородино» шаруа қожалығының малшысы Игорь Артамонов та осы марапатқа ұсынылды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен Өскемен қаласындағы «Asylzhan» шаруа қожалығының мал дәрігері Талғат Мырзаханов және Катонқарағай ауданындағы «Ақшарбақ» шаруа қожалығының құрылтайшысы, марал өсіруші Анар Тумашинова марапатталды.

– Бүгін өте қуаныштымын. Бұл – еңбегіміздің ақталған күні. Күйеуім екеуміз 2014 жылы осы шаруа қожалығын құрдық. Содан бері осы іспен айналысып келеміз. Менің ойымша, әр адам туған жерін ұмытпауы керек. Туған жерге деген сүйіспеншілікті құр сөзбен емес, нақты іспен көрсету қажет, – деді Анар Тумашинова.

Бұдан бөлек, бірқатар сала өкіліне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ өңірдегі үздік кәсіпорындар мен шаруашылықтарды атап өту мақсатында арнайы номинациялар тағайындалды. Олардың қатарында Ұлан ауданындағы «Багратион», Өскемендегі «Эмиль» және Алтай ауданындағы «Мойылды-Байқоңыр» кәсіпорындары бар.

Фото: ШҚО әкімдігі баспасөз қызметі

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив