A+ A A-

talgatzhan 25 18-02-2025, 13:00 0

Өзекті пікір, пайдалы ұсыныс

Бүгін / Өзге

Салықтық-бюджеттік реформаларға дайындық тақырыбы өңір-өңірде қызу талқыланып жатыр. Үкімет өкілдері жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныс, пікірін тыңдап, көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап беріп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков пен Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев бастаған бизнес-қоғамдастықпен талқылау үшін құрылған жұмыс тобы Жетісу облысында кездесу өткізді. Кездесуде «Бірге біз күшпіз» кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Еділ Қазақбаев шешім қабылдауда салмақты көзқарастың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы сындарлы диалог елімізде қолайлы бизнес орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.Тұтынушылардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзуллин мемлекеттің бюджеттік саясатындағы алдағы өзгерістерді шағын және орта бизнес өкілдерімен жан-жақты талқылау қажет екенін баса айтты.

Қарағанды облысында болған кездесуде «Қазақстандағы жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» қауымдастығының президенті Владимир Быков: «Экономикалық тұрақтылық – мемлекеттік ресурстарды тиімді басқарудан, ынталандыру жүйесін қайта қараудан және бюджеттік қаражатты ұтымды пайдаланудан басталады. Гранттарды пайызсыз несиелерге ауыстыру қажет, осылайша қаражат экономикаға қайта оралады», деді. Өңірдің құрылыс саласы өкілдері атынан «Құрылысшылар қауымдастығы» ЖК және ЗТ президенті, «Аспап» ӨК директоры Төлеген Әшімов: «Салық кодексі жобасында кәсіпкер өз контрагенті мемлекеттік органдарда тиісті түрде тіркелген жағдайда, басқа тұлғалардың салықтық және өзге де міндеттемелері үшін жауапкершілікке тартылмауға тиіс деген ережені қарастыру қажет», деді.

Сонымен қатар Қостанай облысында өткен кездесуде қаржы вице-министрі Ержан Біржанов еліміздегі ҚҚС шегі әлемдегі ең төменгі мөлшер екенін атап өтіп, сондай-ақ ҚҚС төлеушілер шоғырын көбейту бизнес үшін тең бәсекелестік жағдайларды қалыптастыруға мүмкіндік беретінін еске салды.

Қостанайлық кәсіпкерлер салық реформасына ұтымды әрі теңгерімді көзқарас қалыптастыру үшін жергілікті деңгейде сындарлы диалогтің маңыздылығын атап өтті. Облыстық Құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Ирина Викулова құрылыс саласы бойынша құрылыс компаниялары мен жобалаушыларға салықтың сараланған тәсілін қолдану қажеттігін айтты. Сонымен қатар кәсіпкерлер құрылыс саласын қолдау шараларын, оның ішінде екінші деңгейлі банктерде несиелер бойынша жеңілдетілген мөлшерлемелерді қарастыру мүмкіндігін талқылауды сұрады.

Алматы облысында өткен талқылауда Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов кеңеске қатысушыларды Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу, бірқатар басым салаға 10% төмендетілген мөлшерлемені енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату жөніндегі ұсынысымен таныстырды. Кездесу барысында Алматы облысы бизнес-қоғамдастығының өкілдері алдағы салықтық өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда және қызмет көрсетудің салалық кеңесі төрағасы Әсет Талғатбек арзан несиелер үшін базалық мөлшерлемелерді төмендетуді және салық төлеу жүйесін жеңілдетуді ұсынды.

«Bilim Invest «ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекова реформаларды жүргізу кезінде білім саласына қолдау көрсету қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, өңірлердің білім беру саласын дамыту картасын әзірлеуді ұсынды.

«Ауылдардағы білім беру ұйымдарының дамуын бақылау қажет. Ол үшін жекеменшік білім беру мекемелерін саралау керек. Жеке ғимараты бар, мектептер мен балабақшалар бар, үй-жайды жалға алатындар бар. 50-75 балаға арналған, 100-200 балаға есептелген тәрбие және білім беру мекемелері бар», деп түсіндірді К.Батырбекова.

Сондай-ақ спикер салықты көтерумен қатар, бюджет шығыстарының құрылымына сын көзбен қараудың маңызды екеніне тоқталды. Қатаң бюджеттік ережелердің сақталуын бақылауды күшейту қажет. Кеңеске қатысушылар салық саясатындағы оңтайлы шешімдерді іздеу үшін мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтің маңыздылығын атап өтті.

Тәуелсіз Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Қамбар Баекенов реформалардың ашықтығы мен кәсіпкерлердің пікірлерін есепке алу шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Қорытындылай келе, вице-министр Бауыржан Құдайбергенов барлық ұсыныс назарсыз қалмай, жан-жақты талданып, жұмыс барысында ескерілетінін айтты.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив