1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыс орталығында ерекше мазмұнды, рухани терең мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Республика алаңы бұл күні халықтың шаттық пен әнге бөленген ордасына айналды. Түрлі этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, өз мәдениетін танытты. Әуеге әуелеген ән, мың бұралған би мен халықтың жүзіндегі шаттық – бәрі бірліктің шынайы салтанатын айқындай түсті.
Концерттік бағдарламада өнерпаздар қазақ халқының кең құшағын, достық пен татулықты жыр етіп, көпұлтты еліміздің берекелі болмысын сахна төрінде паш етті. Әсіресе балалар мен жастардың орындауындағы шығармалар көрерменнің жүрегін елжіретіп, болашақ ұрпақтың да бейбітшілік пен бірлік жолында өсіп келе жатқанын көрсетті.
Бұл күн – ұлт пен ұлыстың арасын жалғайтын, ел жүрегіндегі мейірім мен достықты өрнектейтін күн. Қазақ халқының «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген даналық сөзі осындай мерекелік сәтте өз мән-маңызын айқын аңғартты.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер