A+ A A-

talgatzhan 26 7-05-2025, 10:30 0

Оралхан Бөкей атындағы кітапхана – IFLA конгрессінде!

Бүгін / Өзге

Биыл жаһан жұртының кітапхана туралы өзекті ойлары Қазақ Елінде бір арнада тоғысатын болды.

Олай дейтініміз – Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің бүкіләлемдік федерациясы дәстүрлі конгрестерін (WLIC) 2025 жылы Астанада өткізуді ұсынғаны мемлекетіміз үшін мәртебе. Бұл еліміздің кітапхана саласы туралы айту арқылы ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытудың тамаша мүмкіндігі болып отыр.

IFLA – жаһанның 140-тан аса мемлекетінің басын біріктіріп отырған танымал ұйым. Іс-тәжірибе алмасу арқылы кітапхана саласын дамытудың және халықаралық бірлікті нығайтудың алтын көпірі ретінде белсенді қызмет етуде.

Мен IFLA WLIC 2025 Central Asia Grant грантына ие болдым. 18-22 тамыз аралығында Астанада өтетін конгрессте Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапхананы жаһан жұртына дәріптейтініме бек қуаныштымын!

Грант арқылы әлемдік шараға тегін қатысу маған үлкен жауапкершілік жүктеуде. Ол жауапкершілікті абыроймен атқару – басты міндетім! Осы мақсатта Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың бұқараның шығармашылық қабілетін дамытуға және инклюзивті мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған заманауи жобаларын сәтті таныстыруға талаптанамын.

2025–IFLA WLIC халықаралық алқалы жиынға қатысу дегеніміз – өз жетістіктерімізді айтып, жаһанның әр түкпірінен жиналатын әріптестердің шабытын шамырқандыру және кітапхана заманауи көштің алдына шығып, болашақ бағдаршамы бола алатынын дәлелдеу. Бұл бағыттағы мақсатымыз – заманауи жобаларды жүзеге асыру арқылы кітапхананы әрбір адамның қабілетін оятып, дарынын дамыта алатын және жаңашылдықты үйретіп, болашаққа бағыт-бағдар бере алатын рухани ордаға айналдыру. Бұл біздің қолымыздан келеді!

Бізге көрсеткен сенімің мен қолдауыңа ризамыз, IFLA!

Алаштың Астанасында кездескенше!

 

Руслан Бабиров, Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың қызметкері, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив