
Ерлік пен Еңбектің символы: Үркімбаев Мамырбек ата мен Жанжігітова Күләш апамыздың өмір жолы
Ұлы Отан соғысы — сан жүректі жаралаған, мыңдаған тағдырды өзгерткен қасіретті жылдар. Бұл зұлмат тек тарих парақтарында ғана емес, әр қазақ отбасының жүрегінде өшпес із қалдырды. Сол бір сұрапыл кезең тек майдан даласында жанын шүберекке түйіп, Отан үшін шайқасқан жауынгерлердің ғана емес, тылда күн-түн демей тер төккен қарапайым еңбек адамдарының да ерен ерлігімен есте қалуы тиіс. Майдандағы жауынгер мен тылдағы еңбеккер — Ұлы Жеңістің қос қанаты. Сол бір ауыр жылдардың тірі куәсі болған Мамырбек ата мен Күләш апаның өмір жолы — елге адал қызмет етудің, ерлік пен еңбекқорлықтың шынайы шежіресі.
Солдаттың керзі етігімен бүкіл Еуропаны шарлаған майдангер, аға ұрпақтың Жеңістің 60 жылдығы мерекесіне дейін аман жеткені — Үркімбаев Мамырбек атамыз. Үркімбаев Мамырбек ата 1924 жылы 15 мамырда Күршім ауданы, Қалғұты ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ақбұлақ ауылына қарасты Майтерек ауылында өткен. Отбасында екі ағайынды болған. Соғыс басталған кезде атамыз небары 18 жаста еді. 1942 жылы Майтеректен 30 ер-азамат соғысқа аттанып, Мамырбек ата Амур флотында қызмет еткен. 1944 жылы Қиыр Шығысқа жіберіліп, жапон басқыншыларынан Манчжурияны азат ету ұрыстарына қатысып, жауынгерлік ерлігі үшін «Жапон соғысына қатысқаны үшін» медалімен және Жеңістің 40, 50, 55, 60 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған.
Алты жыл әскер қатарында қызмет етіп, 1948 жылы елге аман-есен оралған Мамырбек атамыз 1951 жылы Құсни апамызбен шаңырақ көтереді. Олар 11 перзент сүйіп, бүгінде солардың 6-уы аман-есен өмір сүріп, ұрпақ өсіріп отыр.
Мамырбек атамыз көзі тірісінде мектептердегі Жеңіс күніне арналған шаралардың қадірлі қонағы болып, майдан даласында бастан өткерген сәттерін жас ұрпаққа тебірене әңгімелейтін. Оның әрбір сөзі — батырлық пен Отанға деген адалдықтың айғағы еді. Сол арқылы талай жүрекке патриоттық рух дарытып, тәрбиелік тағылым қалдырды. Отан алдындағы парызын абыроймен атқарып, өмірінің сан қилы белесін ел мен жер үшін арнаған Мамырбек атамыз 2009 жылы дүниеден өтті.
Майдан даласындағы жауынгерлермен бірдей елге қызмет еткен, тылда тынымсыз тер төккен, соғыс жылдарының куәгері, тыл ардагері — Күләш апамыз. Қиын-қыстау заманда қажырлы еңбек пен төзімділіктің үлгісін көрсеткен Күләш апамыз — бейбіт күннің бастауында тұрған жандардың бірі. Оның тағдыры — тылдағы мыңдаған аналарымыздың ортақ тарихы, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің айғағы.
Жанжігітова Күләш апамыз 1930 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, бұрынғы Марқакөл ауданы, Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Күләш апаның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Есін білген күннен бастап еңбекке араласуына тура келген ол, жастайынан елдің еңсесін тіктеу жолында ауыр жұмыстың бел ортасында жүрді. Сол жылдардағы балалар секілді тылда еңбек етіп, мал шаруашылығына қолғабысын тигізіп, қолмен астық орып, ауыл шаруашылығымен айналысты. Бұл — көзге көрінбейтін, бірақ сұрапыл соғыс жылдарындағы ең ауыр, төзімділікті талап ететін жұмыстардың бірі болды.
Күләш апамыз жолдасы Тоқтасынов Кәкен атамызбен 1960 жылы отау құрады. Кәкен атамыз бірнеше жыл Марқакөл ауданына қарасты байланыс торабында қызмет етіп, зейнеткерлікке шығады. Өкінішке орай, ол 1994 жылы сырқаттан өмірден өтті. Күләш апаның сол жылдардағы еңбегі еленіп, Ұлы Отан соғысындағы тылдағы еңбегі мен төзімділігі үшін бірнеше мәрте Жеңістің 60, 65, 70, 75 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды.
Күләш апамыздың тағдыры — тылдағы мыңдаған аналарымыздың ортақ тағдыры. Қазір 95 жасқа толып, еліміздегі ұрпақтар үшін нағыз ұстаз, тағылымды өмірдің иесі болып отыр. Оның өмірі бізге өнеге, ал есімі — мәңгілікке сақталуы тиіс. Осындай жандардың арқасында бүгінгі бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызды ұмытпаған абзал. Тылда өткен әрбір күн — шын мәнінде Жеңістің алтын әріптермен жазылған беті.
Мамырбек ата мен Күләш апаның өмір жолдары — ерлік пен еңбектің жарқын бейнесі. Бірі майдан даласында Отанын қорғап, оқ пен оттың ортасынан аман оралса, екіншісі тылда табанды еңбек етіп, елдің тірегіне айналды. Олардың тағдырлары — тарихтың таусылмас тағылымы, жас ұрпаққа бейбіт күннің қадірін ұғындыратын өнегелі өмір.
Бүгінгі тыныш таң мен бейбіт өмір — осындай ардақты жандардың жанқиярлық еңбегінің жемісі. Сондықтан да олардың ерлігі мен есімдері халық жадында мәңгілік сақталуы тиіс. Бұл — біздің парызымыз, ұрпақ алдындағы аманат.
Үркімбаев Мамырбек атаның жиен немересі, Жанжігітова Күләш апаның немересі — Тұрсынханова Гүлім Әсетқызы
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер