A+ A A-

talgatzhan 48 26-05-2025, 15:50 0

ШҚО-да «JASYL EL» жастар жасағының 21-еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті

Бүгін / ШҚО / Күршім

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында жастардың жалынды жігері мен еңбекке деген ынтасын арттыратын «JASYL EL» жобасының 21-еңбек маусымы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараға жастар ресурстық орталықтарының басшылары, «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының жоба қатысушылары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері, жастар ұйымдары мен өңір волонтерлері қатысты.

- Қазақстан бойынша еңбек жасақтарының 21-еңбек маусымы басталды. 22-23 мамыр күндері Атырау қаласында республикалық деңгейде ашылған болса, бүгін Күршім ауданында ШҚО бойынша ашылу салтанаты өтті. Баршаға сәттілік тілейміз. Биыл Қазақстан бойынша 30 000-нан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылады. Жоба жылдан-жылға өзінің нәтижесін көрсетіп, белгілі бір деңгейде өсім байқалып келеді. Сондықтан бұл жоба республикасының барлық аймағында іске асырылады. Оған біздің «JASYL EL» штабының жетекшілері, әр аймақтың орталықтары толығымен дайын, - дейді «JASYL EL» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының басшысы Нұрасыл Бекматов.

Жоба ШҚО бойынша 3 айға жоспарланған. Республикалық штаб басшысының айтуынша, маусым, шілде, тамыз айларында еңбек жасағы жұмыс істейтін болады.
- Маусым әр өңірдің қажеттілігіне қарай өзгеріп отырады. Мысалы, кейбір жерлерде 6-7 айға созылуы мүмкін. Сондықтан ол тек 3 ай ғана шектелмей, жыл көлемінде жүргізілетін болады, - деді Нұрасыл Бекматов.

 «JASYL EL»  республикалық штабы президенттің қолдауымен 2005 жылы ашылған. Биыл бұл жобаға 20 жыл толып отыр.
- Осы жоба көлемінде ШҚО-да 1000 жас буынды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Жобаның негізгі мақсаты – жастарды жаз мезгілінде абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына тарту, Отанға қызмет етуге үйрету және экологиялық тәрбие беру. Жастар еңбек ете жүріп, жалақы алады. Айлық – 120 000 теңге көлемінде. Жылдың аяғында үздік 10 аталым беріледі. Оның ішінде «Үздік аудан», «Үздік сарбаз», «Үздік акция» деген номинациялармен жыл қорытындысын жасаймыз. Биыл бұл жобаға 2 қала мен 13 аудан қатысады, - дейді «JASYL EL» ШҚО филиалының директоры Мақсат Карибаев.
Қатысушылардың көбісі - мектеп оқушылары. Олардың айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру қазіргі заманның басты талабы.
- «JASYL EL»  жастар жасағымен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Бұқтырма су қоймасының маңайын қоқыстан тазарттық. Мақсатымыз – халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және оны сақтау, - дейді Күршім ауданы №4 мектеп оқушысы Бекарыс Сиғатолла.
Жиын соңында «JASYL EL»  жастар жасағының қатысушылары мен басшылары көшет екті және Бұқтырма су қоймасы маңына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив