A+ A A-

talgatzhan 32 28-05-2025, 14:00 0

Катонқарағай ауданында кезекті көшпелі семинар өтті

Бүгін / Катонқарағай

23 мамырда Катонқарағай ауылында ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен құқық қорғау және уәкілетті органдардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен салық заңнамасын түсіндіруге арналған кең ауқымды көшпелі семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Семинарды Департамент басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш ашып, іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Ол аталған іс-шараның облыс тұрғындарының салықтық сауаттылығын арттыруға, әділетті салық салуды қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканы төмендетуге бағытталғанын айтты.

Катонқарағай ауданы — Қазақстан Республикасының шекаралық аймағы, туризм мен ауыл шаруашылығы, әсіресе мал және бұғы шаруашылығы салаларында айтарлықтай әлеуетке ие.

Туризм өңірді дамытудың стратегиялық бағыты ретінде қарастырылады. Шығыс Қазақстан облысында туристік ахуалды жақсарту бойынша мемлекеттік саясат аясында туристік маршруттар бойындағы инфрақұрылымды — көлік желісінен бастап туристік өнімдерді жетілдіру мен «жұмсақ инфрақұрылым» құруға дейін — кешенді дамыту қажеттілігі өзекті болып отыр.

Ерекше назар Бұқтырма су қоймасы мен Катонқарағай ауданы аумағындағы негізгі туристік нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге аударылған.

Аудан аумағы 9,4 мың шаршы шақырымды құрайды. Онда 26 елді мекен орналасқан. Ауданда 1459 бизнес субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде 162-сі — заңды тұлғалар, 1297-сі — жеке кәсіпкерлер.

Ауданда демалыс базалары, дүкендер, дәмханалар және басқа да қызмет көрсету нысандары бар. 486 бақылау-кассалық машина тіркелген. Сонымен қатар 54 нысан алкоголь өнімін тиісті лицензия негізінде заңды түрде өткізеді.

Семинар барысында Департамент өкілдері салық органдарында тіркеуге қою, ККМ мен пост-терминалдарды қолдану, кірістер мен жалдамалы қызметкерлерді салық есептілігінде көрсету тәртібі, туризм нысандарына салық салу мәселелері бойынша заңнама ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар спикерлер тауарларға ілеспе жүкқұжаттар және алкоголь өнімін сақтау мен бөлшек саудада өткізуге лицензия алу тәртібі туралы хабардар етті.

Семинарға қатысушыларға жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар бойынша мәселелер де жеткізілді. Спикерлер «Түбіртекті талап ет – жүлде ұтып ал», «Бәйге», «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасының шарттарымен таныстырды.

Семинар барысында Департамент, құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері Катонқарағай ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Семинар соңында қатысушыларға салық салу бойынша жадынамалар мен брошюралар таратылды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив