14 маусым күні Катонқарағай ауданында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестивалі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауқымды шарада Қазақстан мен халықаралық өнер жұлдыздары бір сахнада бас қосады. Әйгілі «Музарт» тобы, Қобыланды Болат, Құралай Мейрамбек, «Абырой» тобы, «Тұран» тобы, Әмре сынды отандық жұлдыздар мен көрші елдерден арнайы келген әртістер өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Архан Уйгу (Саха Республикасы), Алексей Ховалыг (Тыва Республикасы), Болот Байрышев (Алтай Республикасы), Мухаммед Торебеков (Қарақалпақстан Республикасы), Дильмурад Гульмурадов (Өзбекстан Республикасы), Миржавад Джафаров (Әзірбайжан Республикасы), Нұрайым Акылбекова (Қырғызстан Республикасы), Мухаммед Али Учар (Түркия Республикасы), DEFNE (Татарстан Республикасы), Юлиана Кривошапкина (Саха Республикасы), Субедей Самдын (Моңғолия).
Фестиваль жүргізушілері – Әділ Ахметов және Әмина Жұмамұрат.
Ашылу салтанатының басты нышаны – Берел қорғанынан табылған Штандарт. Бұл символ түркі әлемінің рухани мұрасын, тарихы мен мәдениетін, халықтар арасындағы бірлік пен бауырластықты айқындайды.
Бағдарламада түркі әлемінің бай мәдениеті мен тарихын көрсету мақсатында сахналық көріністер қойылады. Түрік, қазақ, қырғыз, әзербайжан, өзбек, татар, ноғай, башқұрт, саха және басқа да түркі халықтарының мәдениеті мен бірлігі, тілдік және рухани байланысы бір арнаға тоғысады.
Кеште түркі әлемінің өнер жанашырлары өз мәдениеттерін, көненің үнін қайта жаңғыртып, бірегей туындыларын ұсынады.
Пікірлер