
ШҚО-да аз қамтылған отбасыларға қандай көмек көрсетіледі?
Қазір атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасылар үшін маңызды қолдаудың біріне айналып отыр. Мақсат – мұқтаж жанұяларға дер кезінде көмек көрсету. Өйткені қоғамның әл-ауқаты әр отбасының жағдайынан басталады. Жасыратыны жоқ, мемлекет тарапынан көрсетілетін бұл көмек көптеген отбасының күнделікті қажеттілігін өтеуге мүмкіндік беруде. Соңғы жылдары өтініш білдірушілердің саны да артып келеді. Бұл халықтың әлеуметтік көмекке деген сұранысының жоғары екенін көрсетеді. Жалпы, толық емес отбасыларға қандай да бір жеңілдіктер бар ма? Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау ережелері өзгерді ме? Осы және өзге де сұрақтарға Өскемен қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Атаулы әлеуметтік көмек туралы көпшілік естігенімен, оны тағайындаудың қыр-сырын біле бермейді. Дегенмен бұл аз қамтылған азаматтарға арналған негізгі қолдау шараларының бірі болып қала береді. Осы ретте сайт тілшісі табысы төмен отбасылардың қандай жағдайда мемлекеттен көмек ала алатынын анықтап көрді.
– Кімдер және қандай жағдайда аз қамтылған адам немесе отбасы ретінде саналады?
– Жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болған азаматтар мен отбасылар аз қамтылған деп танылады. Бұл көрсеткіш белгілі бір кезеңге (бір тоқсанға, яғни үш айға) белгіленеді. Аз қамтылған мәртебесін анықтау кезінде мыналар ескеріледі:
отбасы мүшелерінің жалпы табысы;
бірге тұратын отбасы мүшелерінің саны;
есептік кезеңдегі табыс көлемі;
еңбекке қабілетті мүшелердің болуы және олардың жұмыспен қамтылуы;
заңнамада көзделген өзге де жағдайлар.
– Аз қамтылған жандарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі?
– Аз қамтылған деп танылған азаматтар мен отбасылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.
– Оларға қандай жеңілдіктер бар?
– Заңнамада арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған. Алайда оларға тұрғын үй көмегі сияқты өзге де әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК алу шарттары өзгерді ме?
– Өскемен қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мәліметінше, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың негізгі қағидаты сақталды. Соңғы уақытта үміткерлердің табысына бақылау күшейтіліп, банктер мен салық органдары арқылы цифрлық тексеру белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасуына қойылатын талаптар да артты. Дегенмен АӘК тағайындау шарттарында түбегейлі өзгерістер болған жоқ.
– Қандай жағдайда аз қамтылған тұрғындар АӘК ала алады?
– Егер отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспаса, оларға АӘК тағайындалады. 2026 жылдың бірінші тоқсанына кедейлік шегі 45 419 теңгені құрайды. Отбасының жалпы табысы әр тоқсан сайын расталып отырады.
– Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері қалай есептеледі?
– АӘК мөлшері әр отбасы мүшесіне шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде есептеледі. Бұл есептеуді уәкілетті орган жүргізеді.
Орташа табыс өтініш берер алдындағы үш айдағы жалпы табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы анықталады. Яғни, соңғы үш айдағы барлық табыс үшке және отбасыдағы адам санына бөлінеді.
– АӘК тағайындау үшін қандай құжаттар керек және қайда жүгіну қажет?
– АӘК алу тәртібі туралы ақпарат алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша мәнсап орталығына жүгінуі керек (Өскемен қаласында: Шәкәрім даңғылы, 149/10, 2-ші кабинет).
Өзімен бірге міндетті түрде жеке басын куәландыратын құжаты болуы қажет. Кеңес алғаннан кейін азамат немесе отбасы АӘК тағайындау туралы өтінішті мәнсап орталығы, «Электрондық үкімет» порталы немесе ұялы телефон арқылы тапсыра алады. Өтініш жеке немесе отбасы атынан беріледі.
– Толық емес отбасыларға жеңілдіктер бар ма? Мұндай отбасылар мемлекеттен көмек ала ала ма? «Жалғызбасты ана» деген ресми статус бар ма? Баласын жалғыз асырап отырған аналарға көмек беріледі ме?
– Әлеуметтік көмек белгілі бір санатқа жатуына емес, нақты мұқтаждық деңгейіне қарай көрсетіледі. «Жалғызбасты ана» деген ресми статус заңнамада қарастырылмаған. Алайда мұндай әйелдер отбасының жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен болса, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы (2026 жыджың бірінші кварталы үшін 45 419 теңге).
– Аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан балаларға мемлекеттен көмек көрсетіле ме?
– Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың барлығы аз қамтылған азаматтар болып есептеледі. Мұндай отбасыларда 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын 1,5 АЕК (6488 теңге) мөлшерінде қосымша төлем төленеді.
Сондай-ақ табысы кедейлік шегінен төмен отбасылардың балалары мектепте тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен қамтамасыз етіледі және бір рет сауықтыру лагеріне жолдама алады.
Жәрдемақыдан кімдер үмітті?
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының тізбесін бекіту туралы бұйрығы жарияланды.
Құжатта Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, мемлекеттік қолдауға ие болатын азаматтардың негізгі санаттары бекітілген. Осылайша, 2026 жылы жәрдемақы мына санатқа жатқызылған жеке тұлғаларға беріледі:
арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы;
мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы;
арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылар;
зейнетақы төлемдерін алатын мүгедектігі бар адамдар;
он сегіз жасқа толмаған жетім бала және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала;
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы;
әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар адам;
айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулар тізбесіне кіретін ауруы бар адам;
екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар адам.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер