
Өскеменде такси тізгіндеген театр солисі жолаушыларға ән айтып, көңілін көтереді
Өскемен тұрғыны Абзал Ес – Шығыс Қазақстан облыстық Драма және оперетта театрындағы «Оперетта» труппасының және облыстық филармония солисі. Күндіз қарапайым такси жүргізушісі ретінде жолаушыларын діттеген жеріне аман-есен жеткізіп, жол бойы әсем әуенмен жүректеріне жылулық ұялатады. Әр сапарын шағын концертке айналдырып, қала көшелерінде классикалық музыканың үнін жаңғыртады. Ал кешке сахна төріне шығып, көрермен алдында өнер көрсетеді. Осылайша, ол өнерге деген шексіз махаббатының арқасында күнделікті тіршілікті шығармашылықпен үйлестіріп келеді. Абзалдың басты мақсаты – көпшіліктің классикалық музыкаға деген қызығушылығын арттырып, опера өнерін кеңінен насихаттау, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Абзал, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз...
- Мен – Көкшетау қаласының тумасымын. 2017-2021 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Опера әншісі мамандығы бойынша білім алдым.
- Неліктен өнер жолын таңдадыңыз? Операның басқа өнер түрінен ерекшелігі неде?
- Отбасым өнерден алыс емес. Әкем – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Сахна мәдениеті мен вокал ережелерін көп үйрететін. Сондықтан бала кезімнен музыкаға жақын боп өстім. Теледидардан Лучано Паваротти есімді итальяндық опера әншісін тыңдап, осы жанрды ұнаттым. Содан осы бағытта ізденіс жасап, талпына бастадым. Академиялық вокал әншілік өнерді, актерлік шеберлікті, аспаптарда ойнауды талап етеді. Бір сөзбен айтқанда, опера әншісі жан-жақты болуы керек.
- Өзіңіз өнер көрсетіп жүрген «Оперетта» труппасы туралы айтып берсеңіз...
- Театрымызға енді ғана бір жыл толды. Дегенмен осы уақыт ішінде біршама жетістікке қол жеткіздік. Біраз спектакль қойдық. Соңғы рет көрерменге «Мамма мия» мюзиклін ұсындық. Арасында эстрадалық әндерді де айтамыз. Ал қазір «Тақиялы періште» қойылымын дайындап жатырмыз. Баршаға жақсы таныс фильмді театр сахнасына бейімдеп, заманауи стильде ұсынғымыз келеді. Көрерменге ұнайды деп үміттенемін.
- Ал такси жүргізушісі болып неше жылдан бері жұмыс істеп келесіз?
- Негізі такси жүргізушісі ретінде 3-4 жылдан бері жұмыс істеймін. Бастапқыда тек қосымша табыс ретінде қарайтынмын.
- Жолаушыларға ән айтып беру идеясы қалай келді? Әдетте олардың реакциясы қандай?
- Біздің театрды көпшілік біле бермейді. Сондықтан халық арасында жарнама жасағым келді. Ерекше форматта жұмыс істеуді жоспарладым. Бірақ дәл осындай кері байланыс болатынын тіпті күтпедім. Тек өз өнерімізді насихаттағым келді. Әрине таксиге мінетін адамдар әртүрлі болады. Әрқайсының көңіл-күйі де түрліше. Көбі таксиге отырғанда үндемей барамын деп ойлайды. Ал мен оларды әңгімеге тартып, соңында ән айтып беремін. Көбіне осындай стиль ұнап жатыр. Тіпті жолда келе жатып, қойылымға билет сатып алып жататындар бар.
- Жолда қызықты оқиғалар болып тұра ма?
- Жақында екі әйел көлігіме отырды. Әңгіме арасында «Тезірек 8 наурыз мерекесі келсе екен» деп айтып қалды. Көп ойланбастан оларға қуаныш сыйлауды шештім. Діттеген жерлеріне тегін апарып, әнімді орындап бердім. Көңіл-күйлері көтеріліп қалды. Тағы бірде анасы мен қызын апара жаттым. Екеуі Өскеменде жаңа театрдың ашылғанын айтып отыр екен. Бірден театр туралы ақпарат беріп, спектакльден үзінді әндерді шырқап бердім. Осындай қызықты сәттер жиі болып тұрады.
- Жақындарыңыз бен әріптестеріңіз такси ретінде ән шырқауыңызға қалай қарайды?
- Шынымды айтсам, осындай ерекше қолауды күтпедім. Әріптестерімнен бөлек, басшылық тараптан да назар аударылып, қолдау танытылды. Мәдениет басқармасы өкілдері де театр жарнамасына оң көзбен қарады. Бәрі жеке парақшаммен бөлісіп, театрымыз туралы ақпарат тарата бастады.
- Қазір көрерменнің мәдени талғамы қандай деңгейде деп ойлайсыз? Жұртшылықты опера өнеріне қызықтыру үшін не істеуге болады?
- Қазір барлығы жеңіл әрі жылдам контентке үйренген. Бірақ сол тәсілмен операны ұсынса, қызығушылық танытатындардың саны артады деп ойлаймын. Бұл өнер түрін кеңінен насихаттап, қарапайым түрде таныстыру керек. Қарапайым таксидің әлемдік деңгейдегі арияларды орындағанын көргенде жеңіл қабылдап, тез түсінетін болады.
- Опера бағытында өнер көрсеткісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Бастысы – сабыр мен еңбекқорлық қажет. Нәтижеге тез жету мүмкін емес. Егер адам өнерді шынайы сүйсе, міндетті түрде еңбегінің жемісін көреді. Дауыспен де дұрыс жұмыс істеуді ұмытпау керек.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз...
- Алға қойған мақсат та, жоспар да көп. Тетарымызды Қазақстанға танымал еткіміз келеді. Жеке концертімді де ұйымдастыру ойда бар. Сондай-ақ қарттар мен балалар үйіне барып, сыйымды тарту етіп, әнімді арнағым келеді.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер