
«Qazaq Tune»: Ұлттық әуен мен заманауи үн тоғысқан орта
Бүгінде кәсіп бастаймын деген жастардың қатары күн санап артып келеді. Бірі кондитерлік дүкен ашса, енді бірі жеке киім брендін қалыптастырып жатыр. Ал Өскемен қаласында ұлттық дәстүрді дәріптеп, заманауи форматпен ұштастырған «Qazaq Tune» музыкалық студиясы тіптен ерекше. Студияның негізін қалаушылар – Алишер Жайрбеков есімді музыкант пен дәстүрлі әнші Тахмина Қыдырханова. Өнер мен кәсіпті қатар алып жүрген екі жас үшін ең басты мақсат ұлттық құндылықтарды насихаттау екен. Біз кәсіп иелерімен сұхбаттасқан болатынбыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Студия ашу идеясы қалай туды? Бастама танытқан кім?
– Музыка саласына келу жолымыз екеуімізде әртүрлі болды. Әрқайсымыз өз бағытымызбен жүріп, бөлек концерттерде өнер көрсетіп жүрдік. Соған қарамастан, өнер ортасында жиі жолымыз тоғысып, бір-бірімізді сырттай жақсы танитынбыз. Бір күні Алишердің өзі ұсыныс тастады: «Өскеменде қыз бен жігіттен құралған дуэттер аз, мүмкін бірге бірігіп көрерміз?» – деді Тахмина. – Сол сәттен бәрі өзгере бастады. Бірге дайындалып, бірге сахнаға шығып, бір-бірімізді өнерде де, адам ретінде де тереңірек тани түстік. Уақыт өте келе ортақ мақсат, ортақ арман пайда болды. Ең алғаш студия ашу идеясы менің ойыма келді. Себебі әртүрлі студияда жұмыс істеп жүріп, өзіме тиесілі, жеке бағытымызды қалыптастыратын орын ашқым келді. Осы ойымды Алишерге айттым. Содан бері кәсіпті бірге дөңгелетіп келеміз.
– «Qazaq Tune» атауы нені білдіреді?
– Өскемендегі көптеген студия атаулары бір сарынды. Біз ерекше, мағыналы атау таңдағымыз келді. «Qazaq» – ұлттық өнерді дәріптеу болса, «Tune» – үн, сарын деген мағына береді. Көбі «Қазақ түн» деп оқып жатады, негізі дұрыс айтылуы – «Қазақ тюн».
– Студияда қандай бағыттар бар?
– Бізде вокал, домбыра, фортепиано, гитара, жетіген және дәстүрлі ән бағыттары бойынша сабақтар жүргізіледі.
– Кәсіп бастауда қандай қиындықтар кездесті, оны қалай еңсердіңіздер?
– Кәсіп бастаған кез келген адам үшін ең үлкен мәселе – қаржы. Бізде де алғашқы қиындық осыдан басталды. Студия ашқаннан кейін «оқушыны қалай жинаймыз?» деген сұрақ туындады. Дегенмен, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бірге еңбек ете отырып, бұл қиындықтардың бәрін еңсердік.
– Неліктен вокалмен қатар ұлттық аспаптарға басымдық беріп отырсыздар?
– Біздің басты миссиямыз – ұлттық аспаптарды дәріптеу. Дәстүрлі ән мен домбыраға көбірек көңіл бөлеміз, бірақ басқа бағыттарды да назардан тыс қалдырмаймыз. Вокалды кез келген ортада үйретуге болады. Ал ұлттық аспаптарды оның тілін, мәнін түсінетін адам ғана терең меңгертіп, әрі қарай дамыта алады деп ойлаймыз. Сондықтан осы бағыттарды қатар ұстауды жөн көрдік. (Алишер)
Бір жағынан біздің ерекшелігіміз де осы деп ойлаймыз. Әнді тек дауыспен емес, ұлттық үнмен толықтырғымыз келеді. Өзім «Дәстүрлі ән» мамандығын аяқтағаннан кейін, мен үшін бұл өте маңызды болды. Домбыра, қобыз сияқты аспаптар әнге басқа бір жан береді. Сонымен қатар, жастарға ұлттық аспаптардың да трендке айнала алатынын, сахнада әдемі естілетінін көрсеткіміз келеді. (Тахмина)
– Сабақтардың «нөлден бастап» жүргізілуі қандай нәтиже беріп жатыр?
– Бізде нақты «тек нөлден бастап» деген қағида жоқ. Оқушылар деңгейіне қарай топтарға бөлінеді. Оның ішінде, жаңадан бастағандар да, жалғастырушы топтар да бар. Ашылғанымызға жарты жыл болды. Сол уақыт ішінде 0 деңгейден бастаған оқушыларымыз жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Бірнеше конкурсқа қатысып, жүлделі орындар да алып жүр.
– Студияға көбіне қандай жастағы оқушылар келеді?
– Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. 5 жастағы балалардан бастап, 60 жастан асқан ата-әжелер де келеді.
– Кәсіп пен ұстаздықта қандай ұстанымды басшылыққа аласыздар?
– Айтарлықтай ұстаным жоқ. Бірақ негізін қалаушы ретінде де, ұстаз ретінде де басты мақсатымыз – оқушыларды үйрету, олардың деңгейін көтеріп, нақты жетістіктерге жеткізу. (Алишер)
– Қазіргі жастардың ұлттық музыкаға қызығушылығын қалай бағалайсыздар?
– Қазіргі жастар ұлттық музыкаға қызықпайды деп айту дұрыс емес деп ойлаймыз. Керісінше, дұрыс форматта, заманауи түрде ұсынылса, қызығушылық өте жоғары.Соның бір дәлелі – студиямызға келіп жүрген балалар. Қазір шәкірттеріміздің шамамен 70%-ын жасөспірімдер құрайды, олардың көбі бізді Instagram мен TikTok арқылы көріп, қызығып келіп жатады. Өзіміз үшін ең маңыздысы – жастарға барынша жеңіл тілде түсіндіру. (Тахмина)
– Баға жағы қалай? Қолжетімді ме?
– Айына жеке сабақтар – 30 000 теңге, ал топтық сабақтар – 23 000 теңге.
– Ұлттық өнерді заманауи форматта дамыту үшін не істеу керек?
– Қазір цифрлық қоғам екені бәрімізге белгілі. Ұлттық өнерді тек дәстүрлі сахнада ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да насихаттау қажет. Заманауи форматта ұсыну арқылы жастар қызығушылығын оятуға болады.
– Есте қалған ерекше оқиға бар ма?
– Әртүрлі жастағы, әртүрлі мінездегі адамдармен жұмыс істеген соң есте қалатын оқиға көп. Бірақ ең ерекше сәт – алғашқы конкурсымыз. Жасмин есімді кішкентай оқушымыз домбыраны нөлден бастап үйренді. Кейін сол оқушымыз конкурсқа қатысты. Оқушыдан гөрі өзіміз қатты уайымдағанымыз әлі есімізде. (Тахмина)
– Музыка саласында кәсіп бастағысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіздер?
– Егер икемі болса, міндетті түрде бастау керек. Қорықпау қажет. Достарымен немесе командасымен бірігіп бастауға да болады. Ең бастысы, көптің сөзіне ермей, өзіндік бағыт қалыптастырып, бөлек дамуға ұмтылғаны дұрыс.
– «Qazaq Tune»-ның алдағы жоспарлары қандай?
– Алдағы мақсатымыз – оқушыларды белгілі бір деңгейге жеткізіп, қазіргі қабілеттерін шеберлікке айналдыру. Әзірге басқа қалаларда филиал ашу жоспарда жоқ. Қолға алған ісімізді Өскеменде дамытып, оқушылар санын арттырып, білім беру жүйемізді жетілдіруге басымдық береміз.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер