Кеше өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс активінің отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Президент 2025 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын әзірлеп, Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарын айқындады. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылым мен энергетиканы дамыту, цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу, ядролық кластер қалыптастыру, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, салық-бюджет саясатын реформалау және сапалы инвестициялар тарту бағыттарын басымдық ретінде белгіледі.
Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, Үкімет отырысында “Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін” қағидаты айқындала түсті.
– Үкімет отырысында “Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін” қағидаты айқындала түсті. Осы бағытта облыс халқының әл-ауқатын одан әрі арттыру мақсатында кешенді және жүйелі жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Өңірде жаңа жұмыс орындарын құру, бизнесті қолдау, жолдарды қалпына келтіру, әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ ол Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі облыстық жоспар әзірлеуді тапсырды.
– Менің орынбасарларым, аппарат басшысы, облыстық басқармалар, қала және аудан әкімдіктері бірлесіп, республикалық жоспар негізінде Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі облыстық жоспарды 25 ақпанға дейін әзірленіп, бекітуге ұсынуды тапсырамын. Әр тапсырма қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс. Сіздерден нақты нәтиже, тәртіп және жеке жауапкершілік талап етемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер