Қалада«Жаңартылған Конституция – тұрақты даму негізі» тақырыбында сарапшылық форум ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиын Жастар орталығында өтті. Аталған форум «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы бастамасымен ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – Конституциялық комиссия ұсынған Жаңа Конституция жобасын қолдау, конституциялық реформаның ел дамуына маңызын жан-жақты түсіндіру және қоғам өкілдерінің пікірін ортаға салу.
Форумға партия өкілдері, сарапшылар, жастар және қоғам белсенділері қатысты. Жиын барысында конституциялық өзгерістердің саяси жүйені жаңғыртуға, мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіруге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны айтылды.
«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары, орталық аппарат басшысы Ғалымжан Құсманғали жаңартылған Конституция елдің тұрақты дамуының берік іргетасы болатынын атап өтті.
– Конституциялық реформа жай заңнамалық өзгеріс емес, бұл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынас бастамасы. Ұсынылып отырған өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл – әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет құру жолындағы маңызды қадам, – деді ол.
Айта кетейік, форум барысында қатысушылар ұсынылған өзгерістердің ауыл-аймақтың дамуына, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Пікір алмасу алаңына айналған жиында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, реформалардың мән-маңызын кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді.
Пікірлер