Шаһардағы жеңіл атлетика манежі осымен 11-ші мәрте беделді бәсекені қабылдап, 150-ге тарта спортшының басын қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көпшілік жақсы танитын Адэлина Земс, Алмат Тюлебаев, Надежда Дубовицкая сынды белгілі атлеттер де келіп, барын салды. Турнир тиегін ағытпас бұрын өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов аталған бәсекенің күміс деңгейге жеткенін, осы жерде алдағы ірі додада ел намысын абыроймен қорғайтын үздіктер шығатынын алға тартты.
- Әр жылы сайыс дәрежесі артып, бәсекелестік жоғарылап келеді. Жеңіл атлетикаға қазір ден қойып жатқан жеткіншектер мен жастар көп. Осындай ауқымды жарыс алдында тағы бір қуанышты хабар құлағымызға жетті. Михаил Шайдоровтың тарихи алтын медалі көп спортшыға жігер бергені сөзсіз. Сол секілді Аялуым Әмренова, Юлия Галышева, Анастасия Городко, Павел Колмаков сынды жерлестеріміз де ел абыройын асыруға тырысты, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Осы турнирдің егесі, үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да сайыс шиеленісін айтып, әр турнирде қиқулап, қолдап келетін көрерменге алғысын білдірді.
- Бұл шынымен спорт мерекесі. Әр жылы жаңа есімдер естіп жатамыз. Жеңіл атлетика спортының маңызын сезініп, балаларын үлкен спортқа беріп жатқан Өскемен жұртына алғыс білдіргім келеді. “Казцинк” зауытына, облыс әкімдігіне, Дене шынықтыру және спорт басқармасына және Өскемен әкімдігіне рахмет айтамын, - деді Рыпакова.
Өңірдегі жеңіл атлетика федерациясы басшысы Богдан Весельскийдің сөзінше, биыл 13 елден келіп қатысты. Қазақстан атынан 80-нен астам атлет жарыс жолына шыққан. Олар үш қарғып секіру, ядро лақтыру, сырықпен секіру, биіктікке секіру, ерлер мен әйелдер 60 метрге жүгіру, 400 метрге жүгіру және басқасы бар. Жалпы, жүлде қоры 36 мың АҚШ долларын құрайды.
Жүлде қорын айтып жатқанда, жүлделі орыннан қағылғандары қаншама? Кейбірі өз қателіктерінен опық жеді. Ядро лақтырған Әзірбайжан өкілі шеңберден асып кетіп, сан соқса, кей желаяқ сөреден кешігіп шықты. Ал Ольга Рыпакова Лондондағы төртжылдық бәсекесінде 15 метрге жуықтаған үш қарғып секіру сынында көбі 13 метрден әрең асты. Мәселен, медаль алады-ау деген Мария Ефремова 13 метр 51 сантиметрді көрсетті.
Жерлесіміз Айым Қайсанова 60 метрге жүгіру сынында 7,90 секунд нәтижесін көрсетіп, өз жүгірісінде тек 4-ші орынға ие болды. Ал жалпы, Оңтүстік Африка, Тәжікстан, Грузия елінен келген жеңіл атлеттен де үздік нәтиже көрсетті. Одан бөлек, өзбектер де ең жүйрік желаяқтарын әкелген.
Осы бәсекені жылда кеп тамашалайтын Серік Мұратбайдың сөзінше, мұнда осалы жоқ, шетінен мықты.
Пікірлер