A+ A A-

talgatzhan 22 Кеше, 16:50 0

Өскеменде «Біз – жаңа халықтық Конституция үшін» атты республикалық жастар форумы өтті

Бүгін / Өскемен

Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен келген жастар мен қоғам белсенділері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жастар үшін маңызды басқосудың дәстүрлі түрде өңірде өтуі үлкен жауапкершілік әрі зор абырой екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан 17 аймақтың жастарын біріктірген маңызды диалог алаңына айналып отыр.
– Мемлекет басшысы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Осы бағытта 130 адамнан тұратын кәсіби Конституциялық комиссия ашық әрі жария форматта жұмыс істеді. Жаңа Конституцияның өзегіне адам, оның құқықтары мен бостандықтары қойылған. Бұл құжат ел дамуындағы адами өлшемді күшейтіп, азаматтың рөлін нақты айқындайды, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар форум аясында республикалық жастар белсенділерінің мектебі ұйымдастырылды. Аталған бастама жастардың көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге, жобалық ойлау қабілетін дамытуға және әлеуметтік маңызы бар идеяларды қолдауға бағытталған.
Республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Тимур Джумурбаев жастардың бүгінгі таңда өз қажеттіліктерін нақты білетінін атап өтті.
– Жастарға мүмкіндік көп. Бұл іс-шарада біз жас буынның ой-пікірін тыңдап, ашық талқылаймыз. Республикалық жастар белсенділерінің мектебі жастар көшбасшылығын дамытуға, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және жас қазақстандықтардың әлеуетін жүзеге асыруға серпін береді, – деді ол.
Ал ШҚО Достық үйі БАҚ бөлімінің маманы Берік Сәрсеков жыл сайын өтетін жобаға биыл Қазақстанның 19 облысынан қатысушылар келгенін айтты.
– Негізгі мақсат – жастар арасындағы көшбасшылық қасиеттерді дамыту. Әртүрлі бағыттағы тақырыптар бойынша білім беру арқылы белсенді жастарды қолдау көзделген, – деді ол.
Айта кетейік, форум жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде біріктіруге бағытталған.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив