
Өскеменде Онкология орталығы қызметкерлері Жаңа Конституция жобасын қолдайды
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Өскемен қаласындағы Онкология және хирургия орталығының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ашық форматта өткен жиында қоғам сұранысына жауап беретін, адам құқықтарын қорғауды күшейтетін Жаңа Конституция жобасындағы маңызды өзгерістер жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласына қатысты нормалар кеңінен талқыланды. Жаңа Конституцияда мемлекет азаматтар денсаулығын қорғау жөніндегі жауапкершілігін күшейтетіні, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз ету міндеті нақты бекітілетіні айтылды.
Сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі конституциялық деңгейде айқындалады. Бұл өзгерістер азаматтар табысына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, базалық медициналық қызметтерге тең қол жеткізуіне берік құқықтық негіз қалыптастырады.
– Жаңа Конституция – елдің болашағына бағытталған маңызды қадам. Денсаулық сақтау – қоғамның ең өзекті саласы. Сондықтан азаматтардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі мен әлеуметтік кепілдіктердің нақты айқындалуы аса маңызды. Бұл өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттыруға және саладағы жүйелі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Жалпыұлттық коалиция мүшесі Олжас Нуралдинов.
Кездесуде медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы да ерекше назарға алынды. Жаңа Конституцияның 27-бабында медицина қызметкерлеріне қауіпсіз әрі санитарлық-гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайына құқық беруге кепілдік қарастырылғаны айтылды.
Бұл норма мемлекет пен жұмыс берушілерге медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау, кәсіби тәуекелдерді жүйелі түрде анықтау және азайту, сондай-ақ ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша тікелей заңдық міндет жүктейді.
– Жаңа Конституциядағы денсаулық сақтау саласына қатысты нормалар – бұл жай ғана заңдық түзетулер емес, адам өмірі мен денсаулығын мемлекеттің басты құндылығы ретінде мойындаудың нақты көрінісі. Әсіресе онкология сияқты күрделі бағытта жұмыс істейтін медицина қызметкерлері үшін бұл өзгерістердің маңызы зор. Конституциялық кепілдіктер саланың тұрақты дамуына және пациенттердің құқықтарын қорғауға берік негіз болады, – деді Шығыс Қазақстан өңірлік коалициясының мүшесі Анжела Горнастаева.
Кездесу барысында Онкология және хирургия орталығының қызметкерлері де өз пікірлерін білдіріп, Жаңа Конституция жобасын қолдайтындықтарын жеткізді.
– Біз күн сайын адам өмірі үшін күресеміз. Сондықтан денсаулық сақтау саласының конституциялық деңгейде қорғалуы біз үшін өте маңызды. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайына құқығының нақты бекітілуі, әлеуметтік кепілдіктердің күшеюі – бұл сала мамандарына деген шынайы қолдау. Жаңа Конституция жобасы денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына сенімді негіз қалайды деп есептейміз, – деді Шығыс Қазақстан облыстық Онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Гүлмира Сагидуллина.
Кездесу соңында қатысушылар жаңа Конституция нормаларын халыққа кеңінен түсіндірудің маңызын атап өтті. Мұндай ашық диалогтар билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, реформалардың мәнін нақты түсінуге мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер