A+ A A-

talgatzhan 40 Бүгін, 11:35 0

Өскеменге өң кіріп келеді: қалаға жаңа 10 электрбус әкелінді

Бүгін / Өскемен

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жуықта қаладағы бірқатар нысанды аралап, өңірдің даму бағыттарын айқындады. Инфрақұрылымдық нысандарды аралап, спорт, экология және мәдениет салаларындағы жаңа жобалармен танысты. Күрк-күрк жөтелген автобустарды біртіндеп электробустар алмастыратыны белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Стадион салынуға шақ

Облыс орталығында бұқаралық спортты дамыту мақсатында жаңа жабық футбол стадионы салынбақ. Бұұл туралы осыдан бірнеше ай бұрын да айтылған еді. Аймақ басшысының сөзінше, бұл жоба тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және кәсіби футболды дамытуға серпін береді.

– Футбол – мыңдаған жанкүйерді біріктіретін бұқаралық спорт түрі. Осыған байланысты облыс орталығында жабық футбол стадионын салу туралы шешім қабылданды. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтуде. Қыркүйек айының соңына дейін қорытындысын алып, барлық қажетті рәсімді аяқтап, құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сонымен қатар қаладағы «Восток» стадионында да жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда премьер-лига ойындарын өткізу жоспарланып отыр.

– Сәуір айының соңына дейін барлық жұмыс толық аяқталады. Өйткені алғашқы ойынды 9 мамыр күні өткізу жоспарлануда. Құрылыс материалдарын жеткізу және жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Футболшылардың дайындық деңгейі де жаман емес, – деді өңір басшысы.

 

Электробустар экологияны жақсарта ма?

Аймақ басшысы сапары барысында қаланың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстармен де танысты. Өскемен – ірі өнеркәсіптік орталық болғандықтан, экология мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты өңірде «Таза Қазақстан» жобасы аясында кешенді шаралар қолға алынған.

– Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың денсаулығын сақтау. Бүгінде «Таза Қазақстан» жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді облыс әкімі.

Экологиялық ахуалды жақсартудың негізгі бағыттарының бірі – қоғамдық көлікті жаңарту. Бүгінде қалаға жаңа электробустар жеткізілген. Аймақ басшысының мәліметінше, зиянды шығарындылардың шамамен 58 пайызы автокөліктерден бөлінеді.

– Жоспарға сәйкес автобус паркінің 80 пайызы жаңа электробустармен жаңартылатын болады. Бұл шешім ауа сапасын жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі заманауи қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

 

Кітапхананың конференц-залы жаңартылды

Сапар аясында өңір басшысы мәдениет саласындағы нысандарды да назардан тыс қалдырмады. Өскемендегі Пушкин атындағы кітапхананың жаңартылған конференц-залы пайдалануға берілді. Аталған нысан соңғы рет 2000 жылдардың басында жөнделген болатын. Бұл жолғы жаңғырту жұмыстары демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан. Жаңартылған зал бүгінде түрлі мәдени іс-шаралар мен ғылыми кездесулер өткізуге арналған заманауи алаңға айналып отыр.

– Біздің басты міндетіміз – оқырманға қолайлы жағдай жасау. Алдағы уақытта қала және аудан орталықтарындағы кітапханаларды кезең-кезеңімен жөндеуден өткізетін боламыз, – деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде жазушы Әлібек Қаңтарбаев руханият саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын атап өтті.

– Бүгінде руханияттың бірінші орынға қойылып отырғаны қуантады. Жоспарлар әлі де көп. Пушкин атындағы кітапхана облыстың рухани орталығына айналуы тиіс, – деді ол.

Жалпы, облыс әкімінің жұмыс сапары өңірде барлық салада жүйелі даму бар екенін көрсетті. Спорт инфрақұрылымын жаңарту, экологиялық жағдайды жақсарту және мәдени нысандарды жаңғырту Шығыс Қазақстанның алдағы даму бағытының негізгі басымдықтары болып отыр.

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив