Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің департаменті жуық арада «Азия Авто Қазақстан» АҚ-ның толық циклді автозауытын өңірдегі басқармалардың бірінің теңгеріміне бермек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сарапшылар есебі
Сонымен қатар кәсіпорынға тиесілі жер учаскелері, оларға іргелес барлық ғимарат пен құрылыстар, сондай-ақ зауыт аумағында орналасқан барлық тауарлық-материалдық құндылықтар да кешенді түрде бірге өткізіледі. Алдын ала мәлімет бойынша, аталған рәсім 7 сәуірде жүзеге асырылды. Анық-қанығы жуықта айтыла жатар.
Сарапшылар бағалауынша, бүгінде нысанның нарықтық құны 23 миллиард 143 миллион теңгені құрайды. Алайда бағалаушылар ұсынған фотосуреттерге сүйенсек, жылына 100 мың көлік шығарады деп жоспарланған цехтарда ешқандай өндірістік жабдық орнатылмаған. Қазір кешеннің ең басты активі ретінде тек жер телімі мен ғимараттар қаңқасы ғана есептеліп отыр. Айта кетерлігі, зауыт құрылысына кезінде шамамен 40 миллиард теңге инвестиция салынған болатын.
ҚМА не дейді?
Бұл нысанға қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің де айтар уәжі бар. Ведомство дерегінше, «Азия Авто - Бипэк Авто» компаниялар тобының басшылығы – Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаев зауыт құрылысына деп бөлінген 230 миллиард теңгені жымқырған.
– Аталған қаражат өндіріс локализациясын 50 пайызға жеткізу мақсатында бөлінген еді. Күдіктілер ақшаны қолды қылу үшін банкте кепілде тұрған тауарларды өзге компанияларға қайта рәсімдеп, шетелдік фирмалармен жалған келісімшарттар жасаған, – деп хабарлады ҚМА өкілдері.
Бұдан соң сот үкімімен А. Балушкин 9 жылға, Е. Сағымбаев 8,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен сотталғандардың екеуі де Ресей азаматтығын алып үлгергендіктен, үкім сырттай шығарылды.
Ал өндіріс алаңының болашағына қатысты Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жуырда ғана мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл алаң жаңа инвесторларға берілуі мүмкін. Ал Өскемендегі алғашқы көлік құрастыру зауытының тағдыры әлі де белгісіз қалып отыр. 5 миллиард теңгеге бағаланған ол нысан бірнеше рет саудаға шығарылғанымен, әлі күнге дейін сатып алушы табылмаған.
Аяулым Сағиолда
Пікірлер