
Әскери қызмет нәзік жандыларға қиын деген түсінік қалыптасқанымен, бүгінде ел қорғанында ерлермен қатар иық тірестіріп, абыройлы қызмет атқарып жүрген қайсар қыздар аз емес. Солардың бірі – Зайсан өңірінің тумасы, аға-лейтенант Әдемі Сейтқанова. Ол С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін 2023 жылы үздік тәмамдап, әскери қызмет жолын таңдаған. Жуырда «Әскер аруы» байқауында топ жарып, облыс намысын абыроймен қорғап қайтқан батыл арумен тілдесудің сәті түскен еді. Қызығы сол, аталған конкурс фотобайқау түрінде өтті. Әр өңірдегі әскери бөлімдер өз қызметкерінің фотосын Қорғаныс министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеп, үздіктер лүпіл арқылы анықталады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Өзіңізді үш сөзбен сипаттасаңыз, қандай қасиеттерді атар едіңіз?
– Өзімді үш қасиетпен сипаттар болсам, ең алдымен, жауапкершілік. Бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге тырысамын. Мақсатшыл және төзімді адаммын. Қандай тапсырма жүктелсе де, жауапкершілікпен қарап, бір нәтиже шығарғанша жұмыс істеуге тырысамын.
– Әскери қызмет жолын таңдауыңызға не себеп болды? Бұл шешім қалай қабылданды?
– Қызығушылығым бала кезден басталды. Әскери адамдардың киім үлгісі, тәртібі мен жауапты қызметі әрдайым назарымды аударатын. Сол кезден бұл мамандыққа ерекше құрметпен қарап өстім. Уақыт өте келе қызығушылығым нақты мақсатқа айналып, өз болашағымды әскери саламен байланыстыру туралы шешімді саналы түрде қабылдадым.
– Қыз бала үшін әскери қызмет қиын емес пе?
– Әрине, таңдаған бағытымыз оңай емес. Бірақ қиындық адамның жынысына емес, оның дайындығы мен мінезіне байланысты. Қыз бала да ер азаматтармен тең дәрежеде қызмет атқара алады. Ең бастысы – төзімділік, тәртіп және өзіңе деген сенім.
– «Әскер аруы» байқауына қатысу идеясы қалай келді?
– Бұл фотобайқауға қатысу өзімді жаңа қырымнан көрсетуге мүмкіндік болды. Әріптестерімнің қолдауы да үлкен мотивация берді.
– Байқау қалай өтті? Қанша қатысушы болды?
– Байқау жоғары деңгейде өтті. Халықаралық әйелдер күніне арналған байқауға Қарулы күштердің түрлері, әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтардың басқармалары және Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің атынан 41 әскери қызметші әйел қатысты. Дауыс беру ресми Instagram парақшасында өтті. Байқау әскери қызметші әйелдердің дәрежесін көтеру мақсатында ұйымдастырылды.
– Жеңімпаз атанған сәттегі эмоцияңызды сипаттап бере аласыз ба?
– Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қатты қуандым. Бір жағынан, өзім үшін үлкен мәртебе болды. Жақындарымның, әріптестерімнің, әрқашан сенім білдіретін басшылық пен барлық дауыс берген жанның арқасында осы жетістікке жеттім.
– Жерлестеріңіз бен жақындарыңыз бұл жеңісті қалай қабылдады? Күтіп алды ма?
– Иә, әрине. Марапаттау Астана қаласында өтті. Жақындарым мен жерлестерім үлкен қуанышпен әуежайда қарсы алды. Құттықтаулар көп болды, жан-жақты білдірген қолдау ерекше әсер қалдырады екен.
– Жалпы әскери салада жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– Әскери салада қызмет етіп жүргеніме 2 жарым жылдан асты. Ұзақ уақыт болмаса да, осы уақыт ішінде тәжірибе жинап, кәсіби және тұлғалық тұрғыда айтарлықтай өстім.
– Қызмет жолын енді бастап жатқанда қандай қиындықтармен ұшырастыңыз? Оларды қалай еңсердіңіз?
– Алғашқы кезеңде физикалық жүктемеге бейімделіп, әскери тәртіпке толық үйрену оңай болған жоқ. Бірақ табандылық пен үздіксіз еңбек арқылы барлық қиындық қамалын алдым. Ұжымның қолдауы да маңызды рөл атқарды.
– Әскери қызмет мінезіңіз бен өмірлік көзқарасыңызға қалай әсер етті?
– Әскери қызмет мені шыдамды, нақты әрі тез шешім қабылдай алатын және уақытты бағалайтын адамға айналдырды. Өмірге деген көзқарасым өзгеріп, әр мүмкіндіктің қадірін түсінуді үйретті.
– Қазіргі қоғамда әйелдердің әскердегі рөлі туралы пікіріңіз қандай?
– Қазір әйелдер әскери салада маңызды рөл атқарады деп айтсам болады. Олар тек қолдау көрсетуші емес, толыққанды кәсіби маман ретінде ел қауіпсіздігіне үлес қосып жүр. Бұл – қоғам дамуының айқын көрінісі.
– Өмірде неден мотивация аласыз, не нәрсе қамшылайды?
– Өз-өзіммен үнемі жұмыс істеп, кеше болған өзімнен бүгін мықтырақ болуға ұмтылуға тырысамын. Осыны әркез басшылықта ұстаймын. Өзімді дамытып, ойымдағы деңгейге көтерілу мені алға жетелейді.
– Бос уақытта қандай іспен шұғылданасыз?
– Бос уақытымда әлеуметтік желіде белсенді болып, жеке парақшамды жүргіземін. Сонымен қатар спортпен айналысқанды ұнатамын, әсіресе шаңғы тебу – мен үшін демалып, күш жинаудағы ең жақсы тәсілдің бірі. Жақындарыммен уақыт өткізу де мен үшін ең үлкен демалыс.
– Болашақтағы мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы мақсатым – кәсіби деңгейімді арттырып, әскери салада білікті маман ретінде дамуды жалғастыру. Сонымен қатар болашақта әлемді аралап, әртүрлі елдің мәдениетімен танысып, көкжиегімді кеңейткім келеді.
– Жас қыздарға, әсіресе әскери қызметті таңдауға ниетті аруларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен өздеріңізге сеніңіздер. Әскери қызмет – тек күш емес, мінез бен рухтың мектебі. Егер жүректе патриоттық сезім болса, ештеңеден қорықпау керек.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
– Сіздерге де рахмет, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер