Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде егіз сарбаздар қызмет етеді. Сыңарын тастамай, ағасының артынан еріп келген інісі нағыз бауырластықтың, бірлік пен батылдықтың үлгісіне айналды.
Нұрсері мен Жансері Жақсан Түркістан облысының тумалары. Егіздердің басында Отан алдындағы борышты өтейміз бе деген сұрақ тумаған да екен. Қос сарбаз уақыттары келгенде бір ауыздан шешім қабылдап, әскер қатарына шақыртуды ойланбастан қабылдады.
Бастапқыда рота, батальонның офицерлері Нұрсері мен Жансерінің егіз екеніне аса мән бермей, екі бөлімшеге бөліп жіберген. Кейін егіздердің біріне тапсырма берген командир тапсырманың орындалуын екінші сынарынан сұратқан. Сол кезде ғана офицерлер егіздердің бауырларстығы туралы біліп, ағайындарды екі жаққа бөлмей, бір бөлімшеге орналастырды. Нұрсері мен Жансері бірге қызмет етіп қана қоймай, әріптестеріне үлгі болған сарбаздар. Олар оқу полигондарында, күнделікті істерде және жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде әрқашан бір-біріне арқа сүйер, демеу болады.
Жеті ай көлемінде әскери борыштарын өтеген қос сарбазды ешкім ажырата алмай жүрген кезде, әскер қатарына тағы да ұқсастығы тайға таңда басқандай екі сарбаз қосылды. Олар Өскемендік Мади мен Али Романовтар. Олардың әскерге келу жолдары барлық жеке құрамын шабыттандырды. Себебі Мадидің әскери борышын өтеуге аттанғалы жатқанын естіген Али оқуынан академиялық демалыс алып, сынарының соңынан ерді.
Егіздердің бірін-бірі қолдауы, бір-біріне деген құрметі мен ізеті «Отан алдындағы борыш» сөзіне ерекше мән салғандай болды.
Қазір Мади мен Али әскери өмірге бейімделіп, арнайы дайындықтан өтуде. Әскер қатарында жеті ай қызмет еткен Нұрсері мен Жансері жас сарбаздарды ерекше ілтипатпен қарсы алды. Білгендерін үйретіп, Мади мен Алиге қамқорлық та танытуда.
Әскери өмір қаталдық пен тәртіпті талап еткенімен, бірлік пен бауырмалдық кез келген қиындықты жеңілететінінің жарқын мысалы болады.
Пікірлер