
Өскеменде аулалардың абаттандырылуын тұрғындар да қадағалайды
Қала әкімдігі қазір ескі автобустарды жаңартып, қоғамдық көлік қатынасын біршама реттеген. Енді олар инфрақұрылымды дамытудың бірнеше бағытын айқындады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Абаттандырылған «Астана»
Ресми ақпаратқа сүйенсек, басым бағыттардың бірі - «Жол жылы» бағдарламасына қатысу. Жалпы қалада ұзындығы 35 шақырым болатын 38 автожол учаскесі орташа жөндеуден өтті. Базовая, Алматы тасжолы көшелеріне қайта жаңғырту жүргізілді. Қала жұртын қуантқан жаңалықтардың бірі – Астана көшесіндегі жағалаудың бойында көлік қозғалысының ашылуы. Өскемен бойынша 60 оң жақ бұрылыс ашылған. Бұған көліксүйер қауымның үлесі де бар көрінеді.
– Абаттандыруға да мән беріп келеміз. Үлбі өзені бойындағы жаңа жағалау, сквер мен Шәкәрім даңғылының қасбеті, Астана мен Потанин көшелері аралығындағы аллея, Қазақстан көшесі бойындағы абаттандыру мен Орталық Универсам алдындағы сквер қамтылды. Тұрғындар жиі баратын жерлерде жаңарту жүргізілді. Мысалы, «Комендантка» арнасын, Протозанов жағалауы, «Нұрлы жол» саябағы, Өскемен аллеясы, 45-ші дәріхана алдындағы жерасты өткелі, «Стрелка» бойындағы Жеңіс даңғылын қалпына келтіру және Республика алаңына брусчатка төсеу уақтылы тәмамдалды. Қала бойынша көпқабатты үйлердің 54 қасбеті жөндеуден өтті, – деді әкімдік өкілдері.
Өскеменде соңғы жылдары «Менің аулам» бағдарламасы халық арасында сұранысқа ие сәтті қадамдардың біріне айналды. Көпшіліктік қатысуымен игерілетін қаржыға 37 учаскедк, оның ішінде 19 аулада кешенді абаттандыру жүргізілді. Бұған дейін өскемендіктер аулалардың кетеуі кетіп тұрғанын жиі айтып, шағымданатын еді. Осы жылы 15 учаскеге балалар алаңы орнатылды.
– Жыл өткен сайын халық пікіріне құлақ асып, өзара кеңесу арқылы түрлі әдістер қолданылып келеді. Олар білдірген ұсыныс негізінде ойын алаңының жобасы да ойдағыдай шығады. Мұнымен қоса 117 ауладағы асфальтқа ағымдағы және орташа жөндеу жүргізілді, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Қанша автобус сатып алынды?
Қала басшылығындағылар спорттық инфрақұрылымды айрықша атап өтті. Теңбіл доп додасына аңсары ауғандар үшін бес футбол алаңы орнатылған. Защита ықшам ауданындағы «Локомотив» алаңы жаңартылды. Күні бүгінге дейін спортты серік еткендер сол жақта жиналады.
Осы ретте білім саласында да бірқалыпты даму байқалады. Айталық, Драма және оперетта театры (осыған дейін тек ШҚО драма театры деп аталды) артындағы көпқабатты үйлердің көбеюінен мектеп салу қажеттілігі туындаған болатын. Осыған сәйкес жауапты тұлғалар бірлесе жоба әзірлеп, биыл күзде №50 мектеп бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашты. Одан бөлек, үш жаңа балабақша ашылып, тағы біреуі нысаналы мақсат бойынша қайтарылды. Көп жылдар бойы «Шығыс Ақпарат» мекемесі орналасқан ғимаратта қазір жаңа балабақша жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы тұрақты ғимараты болмаған «Жұлдыз» өнер мектебі Протозанов, 37 мекенжайындағы жаңа ғимаратқа көшті.
Айта кетер жайт, қала әкімдігі қазір қоғамдық көлік қозғалысын біршама реттеді.
– Автобус паркін жаңарту тақырыбына тоқталмасқа болмайды. Бүгінде қоғамдық көліктерді жаңарту бойынша көрсеткіш 80%-дан асады. Осы жылы 51 автобус әкелініп, төрт трамвай өткелін модернизациялау жалғасын тапты, – деді қала әкімдігінде.
Жақсылық Омардың айтуынша, әр бағытты қамтып жатқан жаңашылдықтар ықшам аудандарды шет айналып өтпейді. Бір аумақ қарыштап дамыса, басқа жақтың кенжелеп қалуын орынсыз санады. Бірнеше жыл көлемінде ықшам аудандарды дамыту бағдарламасы қолға алынып келеді.
– Осы бағдарламаның аясында Красин, Шмелов Лог, Шығыс, 21-ші шағын ауданда көше жолдары асфальтталды. Репин көшесіне балалар ойын алаңы орнатылды. Щербаков көшесі мен 21-ші тұрғын ауданы жастарына жаңа футбол алаңы қолданысқа берілді. Енді Красин кенті мен Лесхоз тұрғындарын таза ауызсумен қамтуды қолға алып жатырмыз. Тұрғындар өтініші негізінде маршруттар бекітіліп, 39 шағын автобус сатып алдық, – деді әкімдіктегілер.
Фотосурет Flashpress.kz сайтынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер