О.Бөкей атындағы кітапханада «Қазақ тарихы – археология ғылымында» атты тарихшылардың кездесуі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев Шығыс жерінде қазба жұмыстарын жүргізіп, Алтайдың бұғып жатқан тарихын ашқалы міне, 10 жылға жуық уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында археология ғылымы қазақ тарихына қандай жаңалықтар алып келгенін Зейнолла Самашев өскемендік тарихшылармен бөлісті.
- ШҚО-ғы қазба жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Осыдан он жыл бұрын біз ең алғашқы зерттеуді бастағанбыз. Қазір археологиялық жұмыстардан шыққан жәдігерлер туралы деректер жиналуда. 2015 жылдан бері түрлі тарихи жаңалықтар, тіпті сенсациялық оқиғалар болды. Келесі, яғни 2025 жылы бұл зерттеулердің қорытындысын екі томдық кітап ретінде шығару қолға алынған. Бірақ нақты қай уақытта шығатыны әлі белгісіз, себебі тарих күн сайын жаңғырып отырады, - деді Зейнолла Самашев.
Кітап ордасының мәжіліс залында қаланың әр мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімдері, сондай-ақ тарих ғылымына қызығушылық танытқан жандар жиналды. Зейнолла Самашевпен қазіргі заман тарихын жүзбе-жүз талқылап, көкейлерінде жүрген сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.
- Еңбек жолыңызды ұстаздықтан бастап, жер астынан жәдігерлер іздеп, шалқар даламызды шарлап келе жатқаныңызға қырық жылдан асыпты. Сіздің тарих ғылымына қосқан үлесіңіз, туған жеріңіздің топырағынан тапқан түрлі заттар біздер, тарихшылар үшін үлгі-өнеге. Дәл қазір осында жиналған тарихшылар кезінде сізден сабақ алған оқушылар, сіздің жетекшілігіңізбен археологиялық іс-тәжірибеден өткен студенттер. Кешегі шәкірт бүгінде әріптеске айналған. Сіз, Шығыс Қазақстан облысының тарихын ғана зерттеп қоймай, көп жанның тарихқа қызығушылығын арттырдыңыз, - деді тарих пәнінің мұғалімі Юлия Юрова.
Кездесу соңында Ұлан ауданы, Аблакет ауылдық округінің әкімі Арыслан Ағланбеков барша тарихшыға жылы лебізін білдіріп, Зейнолла Самашевке Алғыс хат табыстады.
Пікірлер