Төрт маймақты Біріккен Араб Әмірлігіндегі «Кangaroo Animals Center» зообағына беріп жіберген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығында осынша көлемдегі тағыны ұстап отыруға мүмкіндік жоқ көрінеді. Оларға ыңғайлы вольер керек. Музей-қорық директоры Арсен Теннің сөзінше, бір аюға 30 шаршы метр аумақ керек.
- Солжағалау зообағында үш аю қалды. Екеуі жұп құрып жүр, үшіншісі жеке вольерде күн кешіп жатқан ересек аю, - деді Арсен Тен.
Музей-қорық директорының сөзінше, биыл шілде айында БАӘ-ге «ұшып кеткен» аюлардың жағдайы қазір жақсы. Олардың жол шығыны мен азығын ана жақ тарап өз мойнына алған. Айта кетейік, Өскемендегі музей-қорық 2022 жылдан бастап зообақтар мен аквариумдардың Еуроазиялық өңірлік қауымдастығының мүшесі болып саналады.
- Бұл дегеніміз мекеме серіктестік бойынша халықаралық деңгейдегі байланыс орнатып, жабайы жануарлаға мейіріммен қарауға мән берудің нақты қадамдарын жасады, - деді Арсен Тен. - Ал қамауда тұрған аңды бірден табиғи ортаға жіберу қауіпті. Бейімделе алмай қалуы мүмкін. Олардың санын азайтудың тиімді жолы сол, маймақтарды басқа зообақтарға жіберуге болады. Дегенмен Өскемен зообағына алдағы уақытта Алматы, Қарағанды қалаларынан аңның басқа түрлері әкелінуі мүмкін.
Фотосурет: Tengrinews.kz
Пікірлер