A+ A A-

talgatzhan 34 7-12-2024, 09:20 0

Өскеменде шежірелік деректер кітабы оқырманға жол тартты

Өскемен / Бүгін

«Аталар тарихы – ұрпаққа аманат» кітабының тұсаукесері 6 желтоқсан күні сағат  А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өскемен қаласының тұрғыны, зейнеткер, тарихшы-шежіреші Құрманғали Жұмағазыұлы Закария немересінің «Аталар тарихы – ұрпаққа аманат» атты шежірелік деректер кітабы біршама тың дерекке толы. Халыққа қасірет әкелген қатыгез заман, Кеңес кезінде ашаршылыққа ұшыраған халықтың хал-ахуалы, «асыра сілтеудің» елге әкелген зардабы, аштық, репрессия зардабы бір отбасының тағдыры арқылы суреттелген.
– Бұл кітапта тұтас бір әулеттің шежірелік деректері шебер баяндалады. Кітап авторы болыс тұқымы болған, малы тәркіленген. Аталары қудалауға ұшыраған, түрмеге түскен, армияда хабарсыз кеткен, ауыр тағдыр иелері.
Қазақ халқы бастан кешірген күрделі кезеңдердің сынағына сынбай, тағдыр тәлкегін көтере білген, аталы ұлдың баласы, елінің көзі ашық, көкірегі ояу азаматы бола білді. Кітап кейіпкері сонау бала кезден бастап, өнерді бағалайтын, ән-жырға жаны құмар, қаным қазақ деген қарапайым ауыл тұрғыны, – дейді ұйымдастырушылар. 
Отбасылық ансамбль құрып 1989-1990 жылдары Шығыстың көптеген өңірлерінде концерт берген кездері де болған. 
– ...Риддер қаласының мәдениет басшылары наурыз мейрамына арнайы шақырып, концерттік сапармен өнер көрсетіп сонда барғанымыз бар, құшақ жайып қарсы алды, концертті тамашалаған халық дән риза болды. Қабанбай батыр бабамыздың 300 жылдық асына да арнайы өнер тобымызбен бардық, Тарбағатай ауданы орталығы Ақжарға барып концертке қатыстық, – дейді автор өз естелігінде.
Автордың ата шежіресі әулеттік баян түрінде берілгенімен көпшілік оқырманның кәдесіне жарайтын тұстары аз емес. Әсіресе, ұрпағын жаһандану атты аждаһадан аман алып қалуды ойлайтын періште пейілді жандарға тарихтан алтын шежіре, бағалы мағлұмат береді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив