Бүгін облыс әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған Жақсылық Омар осыған дейінгі сұхбаттарының бірінде аяқтап үлгермеген жұмыстарын тізбелеп берген еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның орнына жаңадан тағайындалған Алмат Ақышов алға қойған жоспарымен бөлісті.
- Өскемен қаласында өзекті мәселелер бар. Жуықта олар анық байқалды. Ең бірінші кезекте әлбетте, экологиялық мәселе тұр. Өзім зерттеп көрдім. Бұл жерде тек зауыттар ғана емес, жер үйлер бар. Сонымен қатар автокөліктің көбеюін тізімге қосуға болады. Соңғы бес жылда қалада көлік саны 24 мыңға артқан, - деді Алмат Талғатұлы.
Оның сөзінше, қазір үш бағытта жұмыс істеу керек.
- Біріншісі, жер үйлерді орталықтандырылған жылуға қосып, көмірге тәуелділіктен айыру қажет. Өскеменде 126 мың автокөлік, 125 мың отбасы бар екен. Қарап отырсақ, әр отбасы көлік теуіп жүр. Осыған сәйкес адамдарды қоғамдық көлікке отырғызу жағын ойластырған жөн. Жай ғана отырғызбай, трамвайдың мүмкіндігін де қолдану керек. Бұдан бөлек, автобустардың жағдайы мәз емес, - деді қала әкімі.
Алмат Талғатұлы тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге тырысатынын алға тартты. Осыны сөз етті де, Жақсылық Омар аяқтай алмай кеткен жұмыстарға көзқарасын білдірді.
- Бізде балалардың шығармашылық орталығы жоқ, Семейдегі Абай арена сияқты үлкен бір спорт ғимараты керек. Көпір салу да өзекті мәселе. Көлік саны көбейіп келеді, адамдар 2-3 сағат кептелісте тұрады. Жұмыстан шығып, үйіне асыққан адамға бұл ыңғайсыздық тудырады. Тағы да бір көпір керек. Үлкен істі біржақты етеміз деп кішігірім жобаларды да ұмытпағанымыз жөн, - деді әкім.
Пікірлер