Абай атындағы Шығыс Қазақстан колледжінде ұйымдастырылған шара аймақтың экологиялық мәселелерін шешуге мүдделі белсенді жастар мен тәжірибесі мол сарапшылардың басын қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесуге «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының» жетекшісі Елена Березинская-Абилова мен облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Ермек Асқаров қатысты.
Спикерлер экологияның өзекті мәселелерін, соның ішінде қоршаған ортаның ластану мәселелерін және «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын талқылады. Олар сәтті жүзеге асырылған экологиялық бастамалардың нақты мысалдарын келтіріп, жастарды табиғатты қорғау бағдарламаларына тарту бойынша ұсыныстар берді.
Кездесу барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық қалдықтарды азайту және жастардың экологиялық акцияларға қатысуы сияқты маңызды мәселелер қарастырылды. Қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша идеяларын ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша көптеген студенттер экологиялық жобаларға волонтер ретінде қатысуға және «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға өз үлестерін қосуға дайын екенін білдірді. Ұйымдастырушылар осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтіп, экология саласындағы елеулі өзгерістерге тек бірлескен күш-жігермен қол жеткізуге болатынын айтты.
Бұл шара аймақта экологиялық жауапты қоғам құру жолындағы кезекті маңызды қадамға айналды.
Пікірлер