"Шығыс жылу"АҚ тұрғындар мен өзге де тұтынушылар үшін жылу тарифтерін 1-ақпаннан бастап 26 пайызға, бюджеттік ұйымдар үшін 27 пайызға өсіруі мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қолданыстағы тарифтер 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап белгіленді. Халық үшін орташа тариф құны 7 391, 69 теңгені құрады (ҚҚС есебімен). Келер айда "Шығыс жылу"АҚ мәлімдемесіне сәйкес, қала бойынша жылу тарифі қымбаттайды.
Мысалы, егер 30 шаршы метрлік пәтер үшін қаңтар айында жылуға 4 155 теңге төленсе, ақпан айында бұл сома 5 235 теңгеге дейін жетеді. Яғни өсім 1 080 теңгені құрайды. Ауданы 50 шаршы метр тұрғын үй үшін баға 6 652 теңгеден 8 382 теңгеге дейін өседі. Егер сіз ауданы 65 шаршы метр болатын пәтерде тұрсаңыз, онда 2 270 теңге артық төлейсіз: қаңтардағы 8 730 теңгелік бөлем ақпан айында 11 000 теңге болады.
Алайда, бұл тарифтер ШҚО Табиғи монополияларды реттеу департаменті өтінімді бекіткен жағдайда ғана күшіне енетінін атап өткен жөн. Департаменттің шешімі монополистердің жылу ақысын көтеру пайдасына берген дәлелдерінің сенімділігіне тікелей байланысты.
- Қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуді жалғастыру үшін кәсіпорындағы желілерді жөндеп ауыстыру қажет, сондай-ақ жабдықтарда ескіріп тозып барады. Кәсіпорын мамандарының есептеулері бойынша жоспарланған іс-шаралар жабдықтар мен желілердің тозуын 2,3 пайызға азайтуға бағытталған, - деді "Өскемен жылу электр орталығы" ЖШС өкілдері.
Ал "Шығыс жылу" АҚ техникалық директоры Асхат Букатовтың айтуынша, өткен жылы жабдықтар жөндеуден өтпеген.
- Өскемендегі 29 учаскедегі құбырлар жөнделді, бұл тозуды 1,3 пайызға төмендетті. Барлығы 9 800 метр желі ауыстырылды. 2025 жылы құбырларды тағы 15 учаскеде жөндеу жоспарлануда. Бұл тозуды тағы 1,5 пайызға азайтады. Шұғыл жөндеуді қажет ететін объектілердің ішінде № 5 қазандықдығы бар. Ол қала балансына 2020 жылы тозығы жеткен күйде берілді, - дейді техникалық директор.
Жылу тарифтерінің қымбаттауының кезекті бір себебі – биыл жылу энергиясының бағасы төрт миллиард теңгеге дейін өсуі мүмкін. Жылу электр орталығы үшін көмір, мазут, дизель отыны сынды шикізаттың бағасы қымбаттайды. Сондай-ақ, аталған орталықтар жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін де жылу ақысын қымбаттатпақ. Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы өндірістік жұмысшылардың орташа жалақысы облыс бойынша айына 306 520 теңгені құрады. Ал әкімшілік қызметкер айына орта есеппен 494 382 теңге алды.
Пікірлер