
Өскемен жолдарында алдағы жылдары қандай өзгерістер болады
Облыс орталығында Ертіс және Үлбі өзендері арқылы өтетін жаңа көпірлер салынуы мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ертіс көпірі
Бұған дейін Ертістің оң жағалауы мен сол жағалауын қосатын тағы бір жаңа көпір салынатыны туралы ақпарат жариялаған едік. Бұл көпір қаланың нақты қай көшелерінің тұсынан салынады? Көпірді салатын мердігер анықталды ма? Осы жайлы тарқатсақ.
Анықталғандай, Ертіс өзені арқылы өтетін көпір оң жағалаудағы Виноградов көшесі мен сол жағалудағы Меновное кентін қосады. Жоба негізінен Сатбаев даңғылынан бастап, Жібек жолы көшесіне дейін жол салу жұмыстарымен басталған-ды. Жоба ары қарай жалғасып, Жібек жолы көшесінен Меновное кентіне өтіп, Виноградов көшесіне шығуға мүмкіндік туады.
- Алдағы бір-екі күнде мердігермен келіссөз жүргізіледі. Байқауға үш компания қатысты - екеуі Алматы және біреуі Астана қалаларынан. Байқауды "Қазақ ПромТрансПроект" ЖШС жобалау-іздестіру институты жеңіп алды. Бұл компания Күршімдегі Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірді, Павлодардағы көпірді жобалаған. Сондықтан мердігер компанияның көпір салу ісінде үлкен тәжірибесі бар, - ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттамалар аяқталса жаңа көпірдің құрылысы келесі жылы басталады.
Үлбі көпірі
Облыс орталығындағы көлік кептелісін сейілтіп, тұрғындардың уақытын қамтамасыз ету мақсатында Үлбі өзені арқылы өтетін тағы бір көпір салынбақ. Көпір Протозанов көшесі мен Б.Александров атындағы Спорт сарайының артында орналасқан жаңа жағалауды қосатын болады. ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының айтуынша, көпір ешқашан артық етпейді.
- Қала тұрғындары жақсы біледі, Үлбі өзені арқылы өтетін негізгі көпірде қандай да бір көлік апаты немесе көпірден ақау туғанда бірден кептелістер болады. Қаладағы Шнайдер көпірі де апаттық жағдайда тұрғанын ескеруіміз керек. Сондықтан Үлбі өзені арқылы өтетін жаңа көпір бізге артық етпейді, - дейді Нұржан Жұмаділов.
Кептеліс сейілмек
Өскеменде жылдан-жылға халық саны да, көлік саны да артып келеді. Әсіресе сол жағалаудағы тіршілік бұрынғыдан қарағанда қыж-қыж қайнауда. Дегенмен біршама мемлекеттік мекемелер мен ойын-сауық орталықтары, ауруханалар мен білім беру нысандары қаланың оң жағалауында орналасқан. Содан болар аптаның қай күні болса да көлік кептелісі сейілмей тұр. Осыған байланысты ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы алдағы жылдарға арналған жоспарларларымен бөлісті.
- Көлік кептелістері әсіресе Сәтбаев көшесінің бойында және айналма жолда жиі болады. 2025-2026 жылдары Жеңіс даңғылына өтетін айналма жолдың үстіне жаңа жол салу жоспарда бар. Сондай-ақ Сәтбаев көшесімен келе жатқан көліктер орталық мешітке қарай бұрылу үшін оң жағалаудағы айналма жолмен қайта бұрылып барып, қарсы бағытқа түседі. Бұл тұрғындардың уақытын алып қана қоймай, көпір арқылы өтетін көлік санын да көбейтеді. Сәтбаев көшесінің мешіт орналасқан тұсынан қайта бұрылуға арналған жол қиылысын салу жоспарға енгізілді, - деді басқарма басшысы.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер