Өскеменде жылу тарифінің көтерілуіне байланысты жылу беру орталықтарындағы қызметкерлердің жалақысы артады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Шығыс Жылу» АҚ және Өскемен ЖЭО-ның мәлімдеуінше, 1 ақпаннан бастап қала тұрғындары коммуналдық қызмет үшін жаңа тариф бойынша төлем жасайды.
Облыс орталығындағы жылу энергетикасы саласындағы кадр тапшылығы қазірдің өзінде күрделі мәселеге айналған. Әсіресе жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары.
- 2024 жылы төмен жалақыға байланысты 149 қызметкер жұмыстан шықты. Бұл бүкіл ұжымның 14%-дан астамын құрайды. Көбіне жұмысшы мамандар кетіп жатыр. Біз оларды жұмысқа қабылдамас бұрын бір жылдық немесе алты айлық курстарда оқытамыз. Олардың қатарында қазандық машинистері, отын беру операторлары, жоғары білікті газбен дәнекерлеушілер, қазандық жабдықтары мен жылу желілерінің слесарьлары бар. Бұл – бізге аса қажет мамандар, - деді «Шығыс Жылу» АҚ қаржы директоры Алла Фатеева.
Жаңа тариф аясында жылу беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысының артуы білікті мамандарды тартып, оларды жұмыс орындарында ұстап қалуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде коммуналдық кәсіпорындардың тұрақтылығы мен жұмыс сапасын арттырып, Өскемендегі жылу жүйесінің сенімділігіне оң әсерін тигізбек.
Пікірлер