Сенбінің сәтінде арбатта кітап фестивалі өтіп, кітапқұмар қала тұрғындары алуан түрлі кітап көрмесіне куә болды. Бұл күні көрмеден бөлек, шығыстан шыққан ақын-жазушылармен кездесу, жаңа басылымдардың тұсаукесерлері, түрлі конкурстық, викториналық шаралар, театр қойылымы, шеберлік сыныптар мен ашық аспан астындағы кино көрсетілімі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Фестивальді өткізудегі басты мақсат – тұрғындар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру һәм дәріптеу. Көрмеге келгендер көп болды, әсіресе кітапқа қызығушылық танытқан жастардың қарасы мол. Арбаттағы орындықтарға қаз-қатар жайғаса отырып, алуан түрлі кітаптарға көз жүгіртіп, тіпті кейбірі сағаттап кітаптың қызығына кіріп кетті.
– Облыстық Мәдениет басқармасының бұл бастамасын қаладағы мәдениет мекемелері, кітапханалар, мұражайлар, театрлар, кітап сату ұйымдары, білім беру мекемелері, жергілікті ақын-жазушылар қолдап, бүгінде көпшіліктің көңілінен шығуда. Фестивальде кітап көрмелері, букроссинг, кітап тұсаукесерлері, ақын-жазушылармен жүздесу, студенттік «Шабыт» театрының қойылымы, әдеби дефиле тәрізді мазмұнды да қызықты шараларды өткізу қолға алынған. Жәди Шәкенұлы, Г.Н. Пуссеп тәрізді танымал авторлар кітаптарының тұсаукесері, сондай-ақ облыс әкімдігінің бастамасымен 2018 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан "Абай әлемі" кітаптар топтамасының 2024 жылғы жаңа шығарылымының тұсаукесері өткізіліп келеді. Жоба жерлес жазушылардың туған өлкенің өткені мен бүгінін қамтитын шығармаларын басып шығаруға арналған, – деді ұйымдастырушылар.
Арбатқа жиналған тұрғындар мен фестиваль көрермендері ашық аспан астында «Менің атым Қожа» фильмін тамашалап, облыстық филормония әншілері шырқаған сазды естіп, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Іргедегі Семей қаласынан Абай атындағы облыстық кітапхана қоры «Кітаптар сөйледі» сирек басылымдарын ұсынды. Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорларынан жерлес жазушылардың жеке заттарының көрмесі, шығармаларының QR-көрмесі, жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылған «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» балалар суреттерінің интерактивті көрмесін көрсетті. Сондай-ақ, заманауи жанрларға қызығушылық танытатын жандарға арнап, қаладағы кітап дүкендері мен баспалары түрлі кітаптар мен журналдарды көрмеге қойды.
– Кітапқа қызығушылық мектеп кезінен басталып, студенттік шаққа дейін ұласуда. Бүгін қаладағы ауқымды кітап көрмесіне көзайым болып, небір тың туындылармен таныстым. Өскемен жастарының кітапсүйгіштігі бүгінгі фестивальде байқалды. Түрлі әдеби ойындар мен викториналарға қатысып, сыйлық та еншіледім. Кітапқұмарлыққа баулитын осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса деген лебізіміз бар, – деді қала тұрғыны Асылай Арманқызы.
Қала тұрғындарының демалысын ашық аспан астында қызықты да, тағылымы мен пайдасы мол шараға арнап, сенбіні сәтті өткізгендері анық.
Пікірлер