Өскеменде жұмыс уақытының бір сағатқа кері шегерілуі қоғамдық көліктердің жүру кестесіне өзгеріс әкелмейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
20 наурыздан бастап қаладағы мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдардың жұмыс уақыты сағат 08.00-ден басталып, 17.30-да аяқталуда. Осыған орай ел арасында автобустар жүру кестесін өзгерте ме деген сұрақ туындады. Бұл сауалға Өскемен әкімі Алмат Ақышов жауап берді.
- Қоғамдық көліктер таңғы сағат 06.00-де қатынай бастайды. Сондықтан жұмыс уақытының шегерілуі автобустардың жүру кестесіне әсер етпейді. Десе де қазір туындап отырған бір мәселе - таңғы қарбаластағы көлік қозғалысының қарқындылығы. Егер бұрын 7:30-бен 8:30 аралығында кептеліс болса, енді бұл уақыт өзгеруі мүмкін. Сол үшін тасымалдаушылар жолаушылар ағынына байланысты автобус санын арттырып отырады, - деді әкім.
Айта кетейік, әзірге қаладағы мектеп оқушыларының сабақты сағат нешеден бастайтынына қатысты нақты шешім шығарылған жоқ.
Пікірлер