A+ A A-

talgatzhan 20 3-03-2025, 12:30 0

Риддерлік оқушылар достық фестивалінің көркін қыздырып жатыр

Риддер / Бүгін

Кеншілер қаласындағы №10 орта мектебінде «Қазақстан халқы достығының керуені» фестиваль-байқауы өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жылда өтетін шара. Барлық мектептің басын қосады. Қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, қалалық мәслихат депутаты Галина Гильдерман және Жастар ресурстық орталығы бірлесе қолға алған байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге бағытталған. Осыны ұйымдастыру арқылы оқушыларды тарих, мәдениет және ұлттық мұраны сақтап, оған құрметпен қарауға шақырды. Бір қарағанда қатардағы байқау болып көрінгенімен, топ жарып, үздіктер қатарында болуды мақсат еткен ұл-қыздардың жеңіске деген ұмтылысы айрықша. Жанкүйерлер тобы да қиқуға басып, мектеп залының әр жерінде топтасып отырды. Себебі, әр мектеп командасының сәтті өнер көрсетуі солардың қолдауы, көрнекі заттарды жедеғабыл әкеліп, жинап отыруларына да байланысты еді. Қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Қанат Оралбек қатысушыларға шаһар басшысы Думан Рахметқалиевтің ыстық сәлемін жеткізіп, түрлі ұлт өкілінің бір шаңырақ астында татулықта тұрып жатқанын ерекше қуаныш екенін атап өтті. Өнер ғана емес, білім мен батылдық қоса сыналып жатқан оқушылар арасындағы байқаудың маңызына тоқталды. Мұнда екі сынып оқушылары бақ сынауда.
 – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы конкурс маңызын тіптеп арттырып жіберді. Бұған 7-8 сынып оқушылары қатысып жатыр. Сыйлықтар алуда қолдау білдірген Галина Гильдерманды айта кеткен орынды. Фестиваль үш кезеңнен тұрады: таныстыру, әр этностың ұлттық тағамын көрсету, соңғысында ұлттардың салт-дәстүрін  паш етеді. Барлық мектептен келді, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Назгүл Бақытбекқызы.
Сағат 10:00-ге жоспарланған байқау техникалық дайындықтары пысықталған бойда бірден басталды. Риддердегі ақ жаулықты әжелер шашу шашып, артынша қазылар мүшесі таныстырылды. Оларға да оңайға соқпасы анық. Себебі, алғаш болып сахнаға шыққан №11 мектеп оқушылары түркімен жұртының мәдениетін, биін нақышына келтіре көрсетіп, басқалар үшін біршама биік меже қойып кетті. Басқалары одан асып түсуге оқталып, бір-бірлерін жігерлендіріп жатты. Екінші болып «Шаңырақ» көпсалалы гимназиясы оқушылары шығып, тәжік ұлтын таныстырды. Сол елдің мемлекеттік туын кәдімгі бұлды үшке бөліп, соңына қарай қазылар мен көрермен алдына бірінің үстіне бірін тізбелеу арқылы әсерлі етіп орналастырып, мағынасын түсіндіріп берді. Әртістік өнер, оралымды етіп сөйлеу мен қимыл үйлесімі – сырт көзге анық көрінді. Тәжік палауын, мантысын, көк шайын көрсетіп, аяғында отау құру сәтінен үзінді ұсынды. 
Әрі қарай №1 мектеп-лицей оқушылары шықты. Қолдау тобының «қане, барымызды салып айқайлап, зал ішін азан-қазан қылайық» дегені анық естілді. Ұлдар шешен халқының ұлттық киімін киіп, қолдарына қанжар алса, қыздар ұлттық тағамдарын төбеге көтеріп, сахна төріне беттеді.
Әр мектептің өз ерекшелігі, жеңіске жету жоспары бар. Бірақ үш кезеңді қорытындылап, тоқ етерін айту үшін қазылар тарапы біраз бас қатыратын сияқты. Берілер сыйлықтар да көз тартады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив