Тау шаңғысы бойынша елішілік жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген риддерлік Алексей Кулаков кезекті бәсекеде бақ сынады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қытайда қысқы спорт түрлерінің осы бағыты бойынша Азия чемпионаты өтті. Жалпы 33-ші рет қолға алынды. Бұған әдеттегідей, Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының тау шаңғышылары да қатысты. Нақты айтсақ: Алексей Кулаков, Натан Шпарберг, Владислав Ким, Мария Ежакова және Валерия Квач.
Жарыс екі күнге жалғасты. 27-28 ақпанда құрлықтың кіл мықтылары таудан төмен қарай құлдилап, шеберліктерін көрсетті. Чемпионат аясында слалом және гигант-слалом бойынша көшбасшылар анықталды.
Гигант-слаломдағы жарыстар қорытындысында отандасымыз Валерия Квач 4-ші орынға тұрақтады. Кореядан келген Чайон Сим жеңімпаз атанса, қырғызстандық Альбина Иванова және Захра Ализаден Савех (Иран) тұғырдың қалған сатыларына жайғасты.
Алексей Кулаков слаломда 7-ші және гигант-слаломда 9-шы орынға ие болып, үздік ондыққа енді. Бұл сында Өзбекстаннан келген Арман Гаюпов топ жарса, Медет Назаров (Өзбекстан) пен Мұхаммед Савешемшаки (Иран) екінші, үшінші орыннан көрінді.
Пікірлер