A+ A A-

talgatzhan 35 17-03-2025, 16:10 0

Риддерлік оқушылар бестас ойнап, асық атты

Риддер / Бүгін

Мәдениет сарайында таяу күндері мейрам қарсаңында қарбалас шақ толастамайтын сияқты. Бүгін «Алтын асық – 2025» қалалық сайысы өткізіліп, көпшілік ұлттық спорт ерекшеліктеріне тағы бір мәрте куә болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әз-Наурыз қарсаңында әрлі-берлі жүгіріп, нысанаға тимеген сақасын қайта-қайта әкелген оқушылар көрермен қарасы молайғанда бар мергендіктерін паш ете бастады. Бірақ сонда да қаз-қатар тізілген асықтарды ақ сызықтан асырып жіберу қиынға түсті. Қазылар алқасы әр мүмкіндікті қалт жібермей, қойған бағасын бірден ақ параққа түсіріп отырды. Ал оның алдында қыздар бестас ойнап, фойе ішіне мүлгіген тыныштық орнатты. Себебі, олардың әр қимылы мен шапшаңдығы көрермен назарын бірден аударды. Бестас – негізінен қыздар ойнайтын ұлттық спорт түрі. Бірақ ұлдар жағы қызығушылық танытып жатса, шектеу қойылмақ емес. Шараны ұйымдастырған қалалық Тілдерді оқыту орталығы басшысы Құралай Садықова солай деді. Биыл бесінші мәрте қолға алынған. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша Риддер қалалық филиалы былтырдан бері сыйлықтар алып беріп, қолдау білдіре бастады. Әр мектеп оқушылары бақ сынап, асық атудың қыр-сырын меңгеріп келеді. Бүгін 13 бала қатысты.
– Биыл жүлделі орындар «Шаңырақ» мектебінің оқушыларына бұйырды. Қыздар бестас бойынша 13 кезеңге созылған тартыста жеңімпазды анықтады. Ал ұлдарға асық ату бойынша бес мүмкіндік берілді. Қанша асықты қағып түсіреді, соған сәйкес ұпайын алды. Жыл өткен сайын қатысушылар санынан бөлек, сапасы да артып келеді. Алғашында бұл Тілдерді оқыту орталығының шағын ғана аудиториясында өткізілсе, биыл екінші мәрте Мәдениет сарайының фойесінде жалғасын тапты, – деді Құралай Кәукенқызы.
Тілдерді оқыту орталығының спортқа аса бір қатысы жоқ болса да, ұстанған бағыты белгілі. Өздері қолға алған жарыстар арқылы ұлттық спортты дамытуға үлес қосқылары келеді. Спорт мамандары жарысты бүге-шігесіне дейін талдаса, орталық өкілдері оларды ойын деңгейінде дәріптеуде. 
– Сайыс шартын әу баста қазылармен бекітіп алдық. Мүмкін белгілі бір кезеңдерде сүрінгені сол күйі шығып қалады. Бестас бойынша бас жүлде алған қызымыз былтыр 1-ші орын алса, оның алдында бас жүлдені қанжылаған қабілетті оқушы. Облыс көлемінде де өнер көрсетіп келеді. Айта кетерлігі, ұлдар биыл тұңғыш рет асық атты. Қыздар бестастан 13 кезеңді тәмамдаған соң, 14-ші кезеңге осы асық ойынын енгіздік. Былтыр орыс мектебінің оқушылары да қатысқан еді. Алда сайыс ауқымын кеңейткіміз келеді, – деді орталық басшысы.
Бестас та, асық ату да ептілікті арттырады. Қол бұлшық еттерінің дамуына әсер ететін ми бөлшектері белсенді жұмыс істейтін көрінеді. Онымен қоса, ойлау қабілеті мен шапшаңдық едәуір артады. Қазылар алқасы кеңесе келе, үздіктерді төмендегідей анықтады:
Асық ату
1 орын – Қуаныш Бөкеев
2 орын – Азамат Құмарбеков
Белсенді қатысқаны үшін – Әдисұлтан Ұланұлы
Бестас
Бас жүлде – Зәуре Қуандықова
1 орын – Сара Канас
2 орын – Гүлжанай Бағдаш
3 орын  – Линара Смакова

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив