Түрлі жағдаймен шалыс басып, қылмыс есігінің қақпасын қаққандар мұндай шешімді естіген бойда көздеріне жас алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған ауқымды рақымшылықтың арқасында 18 адам бостандыққа шықты. Жалпы, облыста рақымшылыққа 405 сотталған адам ілігеді. Олардың 44-і толығымен босатылса, 361-інің жаза мерзімі қысқартылады. 234 материал соттарға жіберілген, оның 31-і қазірдің өзінде қаралған көрінеді.
– Әсіресе, жүректі тебіренткен оқиғалардың бірі – 39 жастағы ер адамның тарихы. Ол соңғы жылдары балаларының асырауына қаражат аудармағаны үшін жазасын өтеп, туған күндерін темір тордың ары жағында, бостандыққа шығуды армандап өткізген. Міне, кезекті туған күні қарсаңында тағдыр оған баға жетпес сыйлық – бостандық тарту етті, – делінген қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметіндегілер.
Осыған байланысты ол адам өз әсерімен бөлісті.
– Бұл күнді туған-туыстарымның ортасында, бостандықта қарсы алу сөзбен айтып жеткізе алмайтын бақыт, – деп мойындады ер адам. – Енді мен міндетті түрде жұмысқа орналасып, алиментті уақтылы төлеймін. Балаларым әкесінің өзгергенін және оларды тәрбиелеу мен қамтамасыз ету үшін жауапкершілікке дайын екенін білуі керек. Балаларымды қатты сағындым... оларды бір көзбен болса да көрсем ғой.
Берілген ақпаратқа сенсек, бұл тек мерзімді қысқарту ғана емес, жаңа өмірдің бастауы, әрі жарқын болашаққа деген сенімнің символы.
Тағы бір осындай қуанышты оқиға Шемонаиха ауданында болды. Бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған 72 жастағы ер адам сот залында тікелей босатылды. Көз жасын тыя алмағанына қарап, қуанышы шын жүректен болғанын аңғару қиынға соқпады. Ер адам түрмеде 7 ай отырған.
– Мен оны қанша жыл бойы бостандықта көрмедім, енді ол менің жанымда. Бұл ғажап! – деді әпкесі бауырын құшақтап тұрып.
ШҚО ҚАЖ Департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Тілеуберген Көнекбаевтің сөзінше, рақымшылық – бұл тек құқықтық рәсім ғана емес.
– Мемлекет тарапынан жасалған мұндай гуманизм актісі өткен өмірінде қателескен адамдарға түзелуге нақты мүмкіндік береді. Адамдардың қалай өзгеріп жатқанын, олардың бұл екінші мүмкіндікті қалай бағалайтынын көріп отырмыз. Туған күнін бостандықта атап өтуден асқан бақыт бар ма? – деді ол.
Пікірлер