ШҚО Жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Акрамовтың сөзінше, қазір осының жай-жапсары пысықталып жатыр. Бұған «Қазаэронавигация» РМК қаржысы жұмсалмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауқымды жұмыс Көлік министрлігі тарапынан қолдау табады. Ұшу-қону жолағының ұзындығы кемі 2000 м болмақ.
– Жоспарға сәйкес, құрылыс 2025 жылдың соңына қарай бітеді. Қазір жергілікті атқарушы органдар тиісті жер алқабын бөлу жағын қарастырып жатыр. Байланыс және инженерлік желіге қосылу жағы да жоспарға енді. Катонқарағай ауданы бойынша жер учаскесі Солдатово ауылының маңынан таңдалып отыр. Зайсан бойынша бұрынғы әскери аэродром орны қолайлы саналды. Нақты айтсақ, бұл Зайсан қаласынан 25 шақырым жерде орын тіккен. Жобалау жағын «Қазаэронавигация» РМК өз мойнына алды. Жергілікті әкімдік өкілдері су, жылу, электр желілеріне қосылу мүмкіндігін қарауда, – деді Қуаныш Акрамов.
Аталған жұмысқа қаншы ақша бөлінетіні әлі белгісіз. Мәлім болғандай, қаражат құны жобалық-сметалық құжаттама дайындалған соң нақтыланады.
– Екі аудандағы әуежай аумағы азаматтық авиация талаптарына сәйкес ауқымды болмақ. Сыйымдылығы 80 жолаушыны қамтитын орта санаттағы әуе кемелері қатынайды деп жоспарланып отыр. Құрылыс біткен соң мұнда Өскемен, Алматы, Астана қалалары және басқа да облыс орталықтарынан тікелей рейстер ашылады. Айта кетейік, жаңадан ашылатын әуежай қазіргі әуежай орнынан басқа жерде салынады. Өйткені, әуе қозғалысының қауіпсіздігін сақтау басшылыққа алынған. Ал Солдатово елдімекеніне келсек, ол Катонқарағай мен Үлкен Нарын аудандарының аралығындағы ауыл. Бірақ ол жазықта орналасқан. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұшу-қону жолағы тек жазықта болуы тиіс. Кеңес өкіметі кезінде жұмыс істеген ескі әуежай Катонқарағай ауылында еді. Ол жер қазір қолданыстағы әуе кемелерінің талаптарымен сәйкеспейді. Қауіпсіздік жағына баса мән берілді, – деді басшының орынбасары.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер