Соңғы күндері әлеуметтік желіде Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылында өрт шыққан үйден білдей бір отбасыны құтқарған азамат жайлы жаңалық желдей есіп кетті. Оның аты мен ажалдан аман қалған жандар туралы ақпарат мәлім болғанымен, оқиғаның қалай басталып, қалай өрбігені көпке беймәлім. Қызыл жалыннан тайсалмай, 6 адамды құтқарған Талғаттың өз аузынан оқиғаның мән-жайын сұраудың сәті туды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Адамды ажал аузынан аман алып қалу — абыройлы іс. Әсіресе қызыл жалынның арасына кіріп бүтін бір жанұяны өлімнен арашалаған азаматты бүгінгінің батыры десек артық айтпағанымыз. Бұл қатарға көршісін өрттен құтқарған зайсандық Талғат Мүсіраттың ерлігін де қосуға болады. Оқиға ақпан айының 7-і күні таңғы сағат 10:00 шамасында Айнабұлақ ауылында болған.
- Сол күні күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен сыртта жүргенмін. Кенет даладан жанып жатқан электр сымдарының иісі шықты. Басымды көтеріп жан-жағыма қарағанымда отқа оранып жатқан көршінің үйін көзім шалды. Үйге дереу жетіп, бірден сыртта орналасқан газ ошағын ажыраттым. Бұл кезде үйдің біраз бөлігі жанып жатыр еді. Есіктен кіру мүмкін емес екендігіне көз жеткізген соң терезе арқылы кіремін деп шештім. Терезе арқылы үйдегі төрт бала мен екі әжені сыртқа алып шықтым. Оларды үйге жеткізе сала жанып жатқан үйге қайта келгенде ауылдың біршама тұрғыны өрт сөндіруге кірісіп кетіпті. Өрт сөндірушілер келгенше жалынға қар шашып, тоқтатуға тырыстық, - дейді Талғат Мүсірат.
Мәлім болғандай, өртенген үйдегі қариялардың бірінің жасы жетпісте, бірі алпыс сегізде. Ал қызыл жалынның арасында қалған балалардың үлкені сегізде, кейінгілері бес-алтыда болса, төртінші баланың жасы небәрі екіде еді. Олардың екеуі мектеп оқушылары екендігі анықталды.
- Зайсан ауданына қарасты № 25 өрт сөндіру бекетінің құтқарушылары 30 шаршы метр аумақтағы өртті сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі - электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, - делінген ШҚО ТЖД баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Өзгенің өмірі үшін өз басын бәйгеге тігіп, жанұшыра жүгірген Талғат бұл ісін батырлық деп санамайтынын жеткізді. «Менің орнымда кез-келген адам болса осындай әрекетке барар еді» дейді ол. Бүгінде Айнабұлақ ауылының тұрғындары үйі өртенген отбасыға жылу жинап, көмек көрсетуде. Ал Талғат Мүсіратұлының бұл ісін елеп, алғыс айтып жатқан жандар күн санап көбейіп келеді.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ
Пікірлер