A+ A A-

talgatzhan 26 10-09-2024, 11:00 0

Өскеменде күшіктерді балталаған ер адамға үкім шығарылды

Қылмыс

2 сот материалына сүйенсек, ит асырайтын ер адам күшіктерін сұраған адамға тегін бергісі келмей, камераға түсірген күйі балтамен шапқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

 

Былтыр күз айында ортаазия овчаркасы бар қала тұрғыны ұрғашы алабай итін асырайтын адаммен танысып, кейін оны өз итіне «қосамын» деп сатып алды. Бірнеше айдан соң ит күшіктеді. Қожайыны қуанып қалған. Ұзын-саны – 12 күшік. Жиі болатын жағдай ғой, бәрін емізуге алабайдың сүті жетпей, алтауы өліп қалады. Қалған алты күшіктің төртеу ауырған. 

Аз уақыттан соң алабайдың иесінен қоңырау түсіп, ол «күшіктерді теңдей етіп бөліп алайық» деп қолқа салған. Бірақ қала тұрғыны ол ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, иттің иесі өзі екенін баса айтты. Тегін бергісі келмеген. Ақыры екі жақ бір ымыраға келмей, бейәдеп сөздермен «атысып», соңы жаға ұстатар жайтқа ұласты. Қала тұрғыны «онда саған да, маған да тимесін» деп қолына өткір балтасын алуды ойлап тұрған. Бұл уақытта ол досына қоңырау шалып, бірнәрсені бейнекамераға түсіріп беруін өтінген. Әлгі адам ешнәрседен күдіктенбестен көмектесуге келіседі.

Былтыр қаңтар айында екі дос қала тұрғынының иттер паналайтын қала сыртындағы учаскесіне атізін салды. Ер адамдардың біреуі қолындағы телефон камерасын қосып, болар оқиғаға әзір тұрады. Екіншісі жәшікке салынған төрт күшікті бірінен соң бірі алып шыға бастайды. Әрі қарай барлығын балталауға көшті. Жантүршігерлік жайт камераға түсіп жатты. Болған соң бейнжазбаны күшікті теңдей бөліп алайық деген алабайдың иесіне жолдады. Көрген бетте бойын үрей билеген әлгі адам телефондағы көріністі тәртіп сақшыларына апарып көрсеткен.

Балтасымен күшіктерді қаңсылатқан адамға айып тағылғанда ол кінәсін бірден мойындады. Оған қоса, сот тарапынан әлдебір кешірім, түсіністік болар деген ойды ескек еткен сияқты. Өйткені бір сөзінде күшіктердің онсыз да өлім аузында жатқанын айтты. Дегенмен биыл сәуір айында ол жануарларға жасаған қатігездігі үшін сот отырысына қатысты. Істеген ісін мойындаса да заң жүзінде бекітілген максималды жаза тағайындалды. Яғни, ол алты ай бостандығынан шектеледі және 100 сағатқа мәжбүрлі жұмысқа тартылады.

Асыл АЙТБАЕВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив