ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаменті басшылығының мәліметінше, жауапты тұлғалар салғырттығынан бұзушылықтар да жиіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, Алтай ауданындағы ауданаралық аурухана өкілдері мемлекеттік сатып алу порталына 331,4 млн теңгеге 1749 хабарландыру орналастырған. Бірақ баға ұсынысының өтінімі негізіндегі 175-і келісімшартқа қол қойылмауынан өтпеген болып саналды.
– Мұнымен қатар өтпеген конкурсқа сәйкес, бір дереккөз арқылы жасалған келісімшарт бойынша хабарландыру анализі бұзушылықтар барын айқындап берді. Яғни, 86,8 млн теңгені құрайтын 68 келісімшарттың хабарландыруында орфографиялық қателер кеткен. Нақты айтсақ, орыс тіліндегі мәтінде қазақтың төл әріптері кездесті. Ал бұл сөйлемдерге қасақана түзетулер енгізілгенін көрсетеді, – деді аталған департаменттің басшысы Денис Шакенов.
Бұл жайттар әлеуетті жеткізушілерге ақпаратты уақтылы алып, баға ұсынысын жолдау кезінде қиындық келтірген көрінеді. Тиісінше, Алтай ауданындағы ауруханадағы мемлекеттік сатып алу конкурсы өтпеген болып саналып, бір дереккөз арқылы келісімшарт жасауға әкелді.
– Осы сияқты орфографиялық қателер кеткен тағы 68 хабарландыруда 86,8 млн тенгеге 16 жергілікті жеткізушімен келісімшартқа қол қойылған. Мұндай әрекеттер еркін бәсекелестік жолын жабады. Ашық дереккөз анализіне көз жүгіртсек, аурухана өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсында жемқорлық тәуекелдері барын расталды. Осыдан құзырлы органдардың жеткілікті мөлшерде қадағаламағандарын байқауға болады, – деді департамент басшысы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет gov.kz сайтынан)
Пікірлер