A+ A A-

talgatzhan 29 31-10-2024, 11:20 0

ШҚО-да баспана тапшылығы байқалатын аудандар белгілі болды

Өзекті мәселе / ШҚО / Бүгін

Көп ауылда тұрғындар саны сиреп барады дегенімізбен, олардың үйлі болуы Президент берілген тапсырмалардың бірі. Ал ол уақтылы орындалып жатыр ма, жоқ мердігер айлаға басып, ақшаны жымқырды ма – сұрауы болуы тиіс мәселе. Облыста белгілі бір санаттағы адамдарға үй беру бойынша «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы жалғасып келеді. Қалалар мен аудандарда биыл қандай жұмыстар атқарылғанын сұрастырдық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Құрылыс кәсіпкер қалтасынан жүреді

Осы бағдарламаның қашан қолға алынғанын, қалай жүзеге асырылып жатқанын алдымен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына сұраухат жіберіп, біліп көрдік. Себебі, бір ауданның әкімі сол бағытта қарқынды жұмыс істеп жатқандарын жеткізсе, басқасы ондай мәліметпен бөлісе қойған жоқ. Мәлім болғандай, «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Аймақтағы барлық қала мен ауданды қамтыған. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серік Тойкеновтің сөзінше, бағдарлама аясында бірқабатты үйлер жеке кәсіпкерлер қаражаты есебінен салынады.

Кейіннен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен аз қамтылған көпбалалы отбасылары үшін жалға берілетін баспана ретінде, бюджеттік қаражатқа сатып алынады, – деді ол.

2020-23 жылдары 849 бірқабатты үй (пәтерлер) салынып, 10,9 млрд. теңгеге сатып алыныпты. Оның:

  • 0,9 млрд, теңге - республикалық бюджет,

  • 1,6 млрд. теңге - Ұлттық қор

  • 8,4 млрд. теңге - облыстық бюджет (2023 жылға дейін үйлер тек облыстық қаражат есебінен сатып алынды).

Анығы сол, жалға берілетін тұрғын үйлер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына және аз қамтылған көпбалалы отбасыларына беріледі. Қанша адам үй кезегінде тұр, құрылыс та соған сәйкес жалғасады. Айталық, бір ауылда бес мың адам тұрса, басқа елдімекенде 2000 тұрғын болуы мүмкін. Сондай-ақ, үйлер салынатын жер телімдері электр және су инженерлік желілерімен қамтамасыз етілген болуы шарт. Серік Тойкеновтің сөзінше, осы жылы 447 бірқабатты үйдің (пәтерлер) құрылысы жүргізілуде.

Мақсаты және қаржы бөлінген бюджет

Қаржы мөлшері

1

Үйлерді сатып алу үшін барлығы

7,9 млрд теңге бөлінді

2

Республикалық бюджеттен

2,3 млрд теңге

3

Мемлекеттік құнды қағаздар шығару арқылы (Самұрық-Қазына қоры қаражаты есебінен)

4,9 млрд теңге

4

Облыстық бюджеттен

0,7 млрд теңге бөлінді



Басқарма басшылығы осы уақытқа дейін қалалар мен аудандарда қанша баспана салынғанын толығырақ ұсынып өтті.

Қала/аудан

Салынған баспана саны

1

Өскемен

40

2

Риддер

20

3

Глубокое ауданы

48

4

Зайсан ауданы

68

5

Алтай ауданы

25

6

Самар ауданы

16

7

Катонқарағай ауданы

24

8

Үлкен Нарын ауданы

24

9

Күршім ауданы

28



Әрі қарай Марқакөл ауданында – 4, Тарбағатай ауданында – 62 және Ұлан ауданында 88 баспана бой көтерген.

Мердігерге қандай талап қойылады?

Өңір әкімдігінде өтетін отырыстарда әр салаға деп бөлінген қаржының толық игерілмей жатқанын Экономика басқармасы өкілдері жиі болмаса, жиын кезінде айтады. Анықталғандай, облыс Прокуратурасының заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынымына қатысты, биыл бір қабатты тұрғын үйлерді салу үшін Мемлекеттік сәулет, құрылыс бақылау басқармасымен келісілген іс-шаралар алгоритмі әзірленді.

Сеніп тапсырған істі сиырқұйымшақтандырмай, соңына жеткізу үшін құрылысқа жауаптылардың қалай таңдалатыны қызық болды. Басқарма ақпаратынша, алдымен әлеуетті құрылыс салушыларды (мердігерлерді) біліктілік талаптарына сәйкес таңдауға ресми сайтқа, газеттерге хабарландыру жарияланады. Басты талап – әлеуетті құрылыс салушы 3-ші санаттағы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензиясы болуы тиіс. Кейіннен талаптарға сай келген мердігермен Меморандум жасалады.

Тұрғын үйлердің құрылысы тек арнайы уәкілетті органмен (қалалар мен аудандардағы сәулет, қала құрылысы бөлімімен) келісілген эскиздік жобаға сәйкес салынады. Онымен қоса, жобалық шешімдерге қойылатын ең төменгі талаптарды орындаумен, сонымен қатар бекітілген алгоритмге сәйкес жүргізіледі. Баспана сапасын «ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ және жергілікті әкімдіктер қадағалайды, – деді Серік Тойкенов.

Әдетте қандай баспаналар салынады? Жауапты тұлғалар мәліметінше, тұрғын үйлер келісілген эскиздік жобаға сәйкес халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына 70 м2 (2-3 бөлмелі), көпбалалы отбасылар үшін 85 м2 (3-4 бөлмелі) сай салынады. Серік Тойкенов 2020-22 жылдары салынған тұрғын үйлердің сапасына шағымдар болғанын растамады. Алайда аталған ескертулер жергілікті әкімдіктер мен мердігерлер тарапынан уақытылы жойылған көрінеді.

Қай қала мен аудандарда баспанаға тапшылық жиі байқалатыны белгілі болды. Өскемен өз алдына. Одан бөлек, Ұлан мен Зайсан аудандары бар.

Қазіргі уақытта барлық қала мен аудандарда құрылыс барысы толығымен басталып, жүргізілуде. Қараша айының аяғына дейін үйлерді толығымен сатып алу жоспарланған. Осы жылдың қорытындысында 769 баспананы қолданысқа беру жоспарланған, – делінген ақпаратта.

Әділхан ЕСІМХАНОВ





Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив