A+ A A-

talgatzhan 46 1-11-2024, 11:50 0

ШҚО-да атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандардың көбі – көпбалалы аналар

Өзекті мәселе / ШҚО / Бүгін

Бұл туралы жуықта облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәлім болғандай, АӘК алып отырғандардың басым бөлігі – Алтай ауданында. Өскеменде де жағдай мәз емес. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов статистика неге нашарлап кеткенін әкімдердің өздерінен сұрады. Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаевтың сөзінше, атаулы көмек алып отырғандар ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қарасы мол.
Мұнымен қатар Шемонаиха ауданында (29,8%), Ұлан ауданында (28,6% ), Тарбағатай ауданында (21,7%) және Өскеменде (24,3%) нәтиже көңіл қуантпайды.
Нұрымбет Сақтағанов бұл тұрғыда Глубокое (13,3%), Марқакөл аудандарында (12,7%) және Риддер қаласында (15,7%) атқарылып жатқан жұмыстарға қарап, бой түзеу керектігін айтты.
Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акуловтың сөзінше, АӘК-ті тұрақты алып отырғандар – көпбалалы және аз қамтылған отбасылар. 
Ұлан ауданында да жағдай Шемонаиха ауданымен ұқсас. Әкім Арман Бекбосыновтың сөзінше, мемлекет тарапынан көмек алып отырғандар – көпбалалы отбасылар.
Облыс әкімінің орынбасары осындай мәселелердің шешімін табу үшін бірқатар мемлекеттік бағдарлама бар екенін жеткізді. Енді кедейлік деңгейін төмендету бойынша қала мен аудан әкімдері әр отбасымен жеке жұмыс істеулері керек. Бәлкім, кейбірі жұмысқа орналасу бойынша қиындық көріп жүр. Дегенмен, Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, тұрғындар арасында еңбекке қабілетті болса да, атаулы әлеуметтік көмекке үйренісіп алғандар да жоқ емес.
- Халықты жұмыспен қамтуға арналған бірнеше бағыт бар. Соған қарамастан кейбірі ешнәрсеге араласпай, дайын көмек алып отырады. Ал оларды жұмысқа тарта берсек, сол отбасының күнкөрісі жақсарады. Осыған байланысты, қалалар мен аудан әкімдеріне жағдайы төмен отбасылардың әрбірін бақылауларыңызды сұраймыз. Бұл үшін сіздерге тиісті бөлім басшылары және орталықтармен бірлесе жұмыс істеу керек, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Жауапты тұлға Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусиноваға қала, аудан басшыларымен бірлесіп, АӘК алушылар үлесін өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмендетуді тапсырды. 
– Өскемен қаласы, Глубокое, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарының әкімдері АӘК алып отырған, бірақ еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етсін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Әділхан ЕСІМХАНОВ (Суретте Альмира Мусинова)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив