A+ A A-

talgatzhan 20 13-02-2026, 22:30 0

Абай облысында жемқорлыққа қатысы бар адамның «Құрметті азамат» атануы прокуратура күмәнін туғызды

Өзге / Бүгін

Өңір прокуратурасы Бесқарағай аудандық мәслихатының бұрынғы аудан әкімі Нұрлан Сыдықовқа «Құрметті азамат» атағын беру туралы шешім заңдылығын тексерді. Қорытындысында наразылық актісі енгізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес «Абай облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағы мінсіз еңбегімен және қоғам мойындаған, елге айтарлықтай пайдасы тиген жетістіктері үшін беріледі. Алайда Нұрлан Сыдықов Жарма ауданының әкімі қызметін атқарған кезінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап, сот үкімімен кінәлі деп танылған.

– Сыбайлас жемқорлыққа қатысты өткен тарихы бар адамға мұндай атақ беру орынсыз, – делінген қадағалау органы ақпаратында.

Облыстық прокуратура наразылығы негізінде аудандық мәслихат шешім қабылдап, бұрынғы әкімді «Ауданның құрметті азаматтары» тізімінен алып тастады.

Еске салайық, 2025 жылғы 18 желтоқсанда Бесқарағай аудандық мәслихатының депутаттары аталған атаққа ұсынылған үміткерлерді бекіткен болатын. Солардың қатарында пара алғаны үшін сотталып, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылған экс-әкім Нұрлан Сыдықов та болды. Ол мәслихаттың ресми сайтында құрметті азаматтар тізімінде 104-ші нөмірмен көрсетілген. Бұрынғы әкімнен бөлек, тағы 14 адам осы атаққа ие болған.

Марапаттары туралы мәліметте экс-шенеуніктің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, «Шахтёр даңқы» медалі және мерейтойлық медальдары бары жазылған. Еңбегі ретінде екі мектеп, бір балабақша салу, орталық алаңға субұрқақ орнату, екі тұрғын үйге жылу жаңғырту жұмыстарын жүргізу, үш бағдаршам мен Абай Құнанбайұлының бюстін қойғаны аталған.

Ал 2019 жылғы оқиға жетістіктер тізіміне енгізілмепті. Сол жылы шенеунік аудандағы кәсіпорындардың бірінің директорынан жалға берілген жер телімін сатып алу құқығы үшін 1,5 миллион теңге талап етті деген айып тағылған. Директор ҰҚК-ге жүгінген соң Сыдықов белгіленіп қойған ақшамен ұсталды. Кейін ол прокуратурамен ымыраға келіп, кінәсін мойындады. Жарма аудандық соты оны мүлкін тәркілемей, 30 миллион теңге айыппұл төлеуге және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыруға үкім шығарды.

Осылайша, сотталған сыбайлас жемқор «Құрметті азамат» атағын небәрі бір ай ғана иеленді. Дегенмен аудандық мәслихаттың ресми сайтында Сыдықов құрметті азамат ретінде көрсетілген ескі құжат әлі де өзгеріссіз тұр.

Дильназ Жұмабекова

Фото: Nur.kz

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив