A+ A A-

talgatzhan 40 18-11-2024, 11:00 0

Еліміздің аймақтарынан Астанаға қалай жетуге болады

Республика

Қазақстанның астанасына аймақтардан күн сайын адам ағылып барады. Әсіресе мейрам және демалыс күндерде Елордада қыдыру үшін жолға шығатын адам көп. Бір айта кетерлігі Астанаға жету кейде оңай емес. Мәселен мейрам күндері қосымша пойыз шығарады. Kazinform агенттігінің тілшісі астанаға жету жолы мен билет құнын саралап көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.

Баға мен тасымал түрін таңдаған кезде Қазақстанның бес аймағына басымдық берілді. Тізімге Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен қалалары енді. Сонымен бірге билет бағасын қараған кезде күні бұрын қамданып, уақытты дәл белгілеудің маңызды екенін көруге болады. Айта кетейік, ұшу билетінің құны күн сайын өзгереді. Саралау кезінде орта есеп алынды.

Шымкенттен Астанаға пойызбен бару тиімді болып тұр. Плацкартқа билет алу үшін бір адамға 8 707 теңге қажет. Ал купе құны ересек адамға 13 364 теңге болып тұр. Егер пойыздың тарсылы ұнамаса, автобуспен қатынауға болады. Бағасы 15 000 теңге тұрады. Ал такси қызметі одан 5 000 теңгеге қымбат. InDrive жүргізушілері орта есеппен бір адамды 20 000 теңгеге жеткізіп береді. Ал ұшақ билетінің құны одан жоғары. Әуе кемесінің билет құны – 22 500 теңге. Бір күн бұрын билет алсаңыз, 60 000 теңге тұрады. 

Ал Қазақстанның батысынан, соның ішінде Ақтөбеден астанаға жету оңай емес. Автобус жайын айтар болсақ, мүлде қатынамайды. Сол секілді Астанадан аймаққа да автобус жүрмейді. Мұнда да ең тиімді жолы пойыз болып тұр. Плацкарт билетінің бағасы – 8 052 теңге. Ал купе 12 304 теңге тұрады. Бірақ ол үшін пойызға түсіп, міну керек. 

Ұшақпен тез жетуді жоспарлаған адам алдын ала билет алса 26 000 теңге төлейді. Астанаға жету жолы такси қызметінде де қымбат. Мұнда бір адамға 30 000 теңге сұрайды. 

Алматыдан Астанаға көліктің бәрі қатынайды. Баға да әртүрлі. Мұнда жолаушы көлік түрін қалтасына қарай таңдаса болады. Билет құны пойыздағы плацкартқа 7 733 теңгеден басталады. Ал купе 11 683 теңге тұрады. Автобуспен қатынау құны бір адамға – 10 700 теңге. 

Айта кетейік, бұл екі қатынас құралына уақыт көп жоғалтасыз. Ал сапарды ертерек жоспарлап, алдын ала алып қойсаңыз әуе билеті 15 000 теңгеден басталады. Жайлы қатынастың тағы бір түрі – такси қызметі. Бір адамды тасымалдау 15 000 - 20 000 теңге тұрады. 

Астанаға апарар тағы бір жол – Петропавл. Бұл жерде Елордамен арадағы қашықтық өзгелерге қарағанда жақын. Соған сәйкес баға да төмен. Пойыздағы плацкарт билетінің құны 3 549 теңге тұрады. Оған мың жарым теңге қоссаңыз, яғни, 5 102 теңгеге купеге билет сатып аласыз. Екінші орында арзан қатынас құралы автобус болып тұр. Астанаға жету құны 6 000 теңге тұрады. Ал такси қызметі мұнда бір адамға 10 000 теңге. Бұл өзге өңірлерге қарағанда ең төмен баға. Ал ұшақ билетінің құны 15 000 теңгеден басталып тұр. 

Еліміздің шығыс бөлігі астанаға тез әрі арзан бағаға жете алады. Мәселен Өскеменнен Астана қаласына жету үшін пойыздағы плацкарт билетінің құны 4 698 теңге тұрады. Ал купе бағасы 6 867 теңге тұрады. Мұнда да Ақтөбе қаласы сияқты бірінен екіншісіне алмасып мінуге тура келеді. Екінші тиімді қатынас құралы – автобус. Мұнда жергілікті автовокзалда бір адамға билет құны 10 000 теңге тұрады. Ал такси мен ұшақ бағасы біркелді. Бір жолаушыға – 15 000 теңге. 

Айта кетейік бағаны салыстыру кезінде билетті бірнеше күн бұрын сатып алуға басымдық берілді. Егер тығыз шаруа шығып, шұғыл жолға шығу керек болса ұшақ билетінің бағасы екі еселенеді. Пойызға билетті бірнеше ай бұрын сатып алсаңыз, арзанға түседі. Ал кеш қалсаңыз мүлде билет таппайсыз. Мұндайда тасымалдаушы компания кейде қосымша вагон тіркеп, кейде бұл бағытқа тағы пойыз қосады. 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив