Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин автожол мен теміржол бойында интернет сапасын жақсарту мәселесіне түсінік берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, былтыр министрлік республикалық маңызы бар автожолдарда интернет желісі нашар қамтылған аумақтарға қатысты тиісті талдау жасады.
- Талдау негізінде біз антенналық тірек құрылыстарын қосымша орнату қажет 243 нүктені анықтадық. Қазір әкімдіктер жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Қазірдің өзінде 80-ге жуығы орнатылды. 2025 жылы республикалық маңызы бар жолдарда интернет желісі жақсарады. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар жолдарға да талдау басталды, оның қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспары құрылады, - деді Р. Коняшкин Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында.
Бұдан бөлек вице-министр пойыздарға интернет тартуға қатысты түрлі технология зерттелгенін айтты.
- Ең дұрыс нұсқа – ол төмен орбиталық спутниктер арқылы интернетпен қамтамасыз ету. Қазір OneWeb-пен келіссөз жүріп жатыр. Қаңтар айында ҚТЖ-мен бірлесіп пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның нәтижелері бойынша ұсынылатын сапа мен тарифтер қаншалықты тиімді болатынын пысықтап, шешім қабылдаймыз, - деді Ростислав Коняшкин.
Еске салсақ, елімізде екі мыңға жуық мектеп Starlink интернетіне қосылды.
Пікірлер