A+ A A-

admin 11 27-03-2025, 11:05 0

Шілдеден баланы қабылдаушы кәсіби отбасы енгізіледі

Республика

2025 жылдың шілдесінен бастап отбасылық орналастырудың жаңа нысаны – баланы қабылдаушы кәсіби отбасы енгізіледі. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Inform.kz-ке сілтеме жасап.  

— Республикада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны — 20 798, оның ішінде қазақстандық азаматтардың отбасыларында 17 110 бала тәрбиеленуде, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйымда 3 688 бала тұрады. Баланың отбасыда өмір сүру және тәрбиелену құқығы отбасыға орналастырудың балама нысандары арқылы жүзеге асырылады: бала асырап алу, қорғаншылық (қамқоршылық), патронаттық тәрбие және қабылдаушы отбасы, — деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министр мәліметінше, қабылдаушы отбасыларды материалдық қолдау жетім балаларды асырауға ай сайынғы жәрдемақы (әр балаға 10 АЕК), патронат тәрбиешілер мен қабылдаушы ата-аналардың қызметтеріне ақы төлеу (2023 жылы төлем мөлшері 58 мыңнан 137 мың теңгеге дейін екі есеге ұлғайтылды), асырап алушыларға біржолғы жәрдемақы (75 АЕК) арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ бала асырап алушыларға, қамқоршыларға бала күтімі бойынша демалыс беріледі, әлеуметтік төлемдер жүргізіледі, сондай-ақ салық жеңілдіктері көзделген. 

— 2025 жылдың шілдесінен бастап отбасылық орналастырудың жаңа нысаны — баланы қабылдаушы кәсіби отбасы енгізіледі, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды интернаттық ұйымдарға апармай, осы отбасыларға орналастыруға мүмкіндік береді. Баланы қабылдаушы кәсіби отбасыларды материалдық ынталандыру мақсатында оларға ай сайын баланы күтіп-бағуға жәрдемақы (10 АЕК), кәсіби қабылдаушы тәрбиешілердің қызметтеріне ақы (әрқайсысына 70 АЕК) төленетін болады. Осылайша, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау, сондай-ақ балаларды отбасылық орналастырудың баламалы нысандарын дамыту соңғы 5 жылда жетім балалардың санын азайтуға (2021ж. — 22 692, 2025 ж. — 20 798) мүмкіндік берді, — деді Олжас Бектенов.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив