( туған жерім Тарбағатайға)
Биік-биік бұралаң,
Сауыр-Сайхан аумағы.
Шұбатылған шұбалаң,
Тарбағатай таулары.
Кәрін шашып төбемде,
Бұлттан ызғар тарайды.
Кәрі жартас төменге,
Қабақ түйе қарайды.
Тау тарихы білгенге,
Жылдар өтіп жүдеген.
Түмен әскер бұл жерге,
Түн қатып-ақ түнеген.
Сайхан таудың саурына,
Жауда талай беттеген.
Кімдер келіп баурына,
Кімдер сірә, кетпеген.
Қаңғып кеткен бабам-ай,
Қолын үзіп шылбырдан.
Көз ашпаған далам-ай,
Қиянат пен қырғыннан.
Жауда қашқан бұл таудан,
Түре қуып жылқысын.
Тәңіріме мың тәубам,
Көрдім жұрттың күлкісін.
Саяңда өстім Сайханым,
Самалың бал Сауырым.
Өлең қылып айтамын,
Өткен-кеткен дәуірін.
Тұғырлы елім сүйіктім,
Туып-өскен ауылым.
Тұғырындай биікпін,
Тарбағатай тауының.
Аслан Қабылбекұлы Ғафуров
Пікірлер