Бүгін А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, бірқатар ақын-жазушылардың басын қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты жиын жазушы-публицист, Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО филиалының директоры - Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының Басқарма төрағасы - Құлкенов Мереке Әбдешұлы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик – Сыдықов Ұлықпан Есілханұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары – Ғалым Қалибекұлы сынды тұлғалардың қатысуымен өтті. Кештің негізгі мақсаты өңіріміздегі қаламгерлерді одаққа мүшелікке қабылдап, жастарға қолдау көрсету, бағыт-бағдар беру.
- Салтанатты жиында жерлес қаламгерлер Талғат Қашқынбаев, Естай Жаңабай, Оразай Жеңісұлына Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өткендігі туралы куәлік тапсырылды.
Одақтағы басқарма мүшелерінің қолға алған жаңа бір жобасы - Қазақстан Жазушылар одағындағына жас үміткерлерді мүшелікке кандидаттыққа қабылдау. Өңірімізден Ботагөз Тоқтамұратова, Расул Идаятов, Құрмет Закен аталмыш куәліктердің иесі атанды, - делінген кітапхана ұжымы ұсынған мәліметте.
Ал, ақын Бақытжан Раисова, ақын, жазушы, журналист Жәнібек Қызыр «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сыр мен жырға толы кеш қонақтардың ізгі тілектерімен, алдыңғы буын ағалардың өнегелі әңгімелерімен жалғасын тапты. Кітапхана өз кезегінде келген қонақтарға «Абай әлемі» сериясының жаңа кітаптарын таныстырды.
Пікірлер