A+ A A-

talgatzhan 36 13-11-2024, 17:00 0

Риддер көшелерін қалың қардан тазалау қарқынды жүріп жатыр

ШҚО / Риддер

Кеншілер қаласында соңғы күндері бір айдың қары жауған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірде Өскеменнен кейін екінші ірі қала саналатын Риддерде қараша айы естен кетпестей әсер қалдырды. Күздің соңғы айы бастала салысымен екі күнде бір метрге жуық қар жауып, шаһар жұртын әбден әуреге салды. Салдарынан көшелерде көлік қатынасы қиындап, тұрғындар арасында өзара байланыс нашарлаған. Дегенмен коммуналдық мекеме қызметкерлері көшелер мен аулаларды тазалап, нәтижелі жұмыс жүргізуде. 
Риддер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшылығының мәліметінше, қар тазалауға 20-ға жуық техника жұмылдырылды.
Ең алдымен, қоғамдық көліктер өтетін орталық көшелер тазартылады. Кейіннен тұрғындар өтініші бойынша техникалар жаяу жүргіншілер жолын, әлеуметтік нысандар мен аумақтарды тазалауға жіберіледі. Әрине, барлығын бір күнде тазалау мүмкін емес, дегенмен қолдан келгенше тез арада мәселені шешуге тырысамыз. Қыс бойы қала көшесіндегі қарды шығаруға “Эталон” фирмасының техникалары жауапты. Біз азаматтардың өтініштерін ескеріп, қар күреу туралы өтініштерге жедел жауап беруге тырысамыз, - деді әкімдіктегілер.
Айта кетейік, бүгінде кеншілер қаласында 60 мыңға жуық халық тұрады.
- Әрине тосыннан жауған қардан барлығымыз есеңгіреп қалдық. Қыс басталмай жатып әбігерге түстік. Тиісті мекемелер қажет қызметтерді орындап, қарды сыртқа шығарып жатыр. Осы орайда құзырлы мекеме қызметкерлеріне рақметімді айтқым келеді. Елдімекен тұрғындарын сабырлық танытып, мүмкіндігінше үйлеріне іргелес аумақтарды тазалауға үлес қосуға шақырамын,- деді қала тұрғыны Мейіргүл Нұржанқызы.
Ал қала тұрғындары қыс басталмай жатып жауған қарды қызу талқылап, түрлі пікір білдіруде.

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив