Бүгінде Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға қосымша қабылдаулар 16-25 қыркүйек аралығында өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінімді «Баспана маркет» порталында (otbasybank.kz) беруге болады. Бұған дейін «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысушылардың негізгі тізіміне енбеген, сондай-ақ банктің тұрғын үй бағдарламаларына қатысу туралы шешім қабылдаған ел тұрғындары өтініш бере алады.
Бүгінде Отбасы банк «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының шарттарын бір жүйеге келтірген, яғни талаптары бірдей.
Енді бағдарламаға қатысушылар үшін:
- салымды жинақтау мерзіміне шарттар қойылмайды, депозитті қатысуға өтінім бергенге дейін ашуға болады;
- несиенің максималды сомасы ұлғайтылды – Астана, Алматы қалаларында 36 млн теңге және басқа өңірлерде 30 млн теңге;
- халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепте тұрған адамдар үшін сыйақы мөлшерлемесі 7%-ға дейін төмендетілді;
- ШҚО бойынша өтінім берген тұрғындардың арасында 440 адам сертификатқа ие болды. Бүгінде 140 адам несие рәсімдеді. Одан бөлек 95 тұрғын бағдарлама талаптарына сай пәтер таңдауда. Өскеменде бірінші нарықтағы, ал моноқалалар мен аудандарда екінші нарықтағы үйлерді де алуға болады, - деді «Отбасы банк» АҚ шығыстағы филиалы басшысының орынбасары Қаршыға Жақсылықов.
Оның айтуынша, 120 адам бағдарламадан бас тартқан. Себебі, төлем салу бойынша талыптар орындалмаған немесе алғашқы жарнасы толық жиналмаған. Соған байланысты 16-25 қыркүйек аралығында 10 күн бойы қосымша өтініш қабылданады. «Отбасы банк» қызметкерлері баспаналы болуға ниетті әрбір азаматты осы мүмкіндікті пайдалануға шақырады.
Банк мәліметінше, депозиттегі жинақтың ең төменгі сомасы 1 млн теңге. Бастапқы жарна - 20%. Несиелеу мерзімі 19 жылға дейін. Ипотекалық бағдарламаға қатысуға өтінімді Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) беруге болады.
Пікірлер