
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде республикалық деңгейдегі «Shygys CUP – 2024» пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Екі күнге созылған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 72 сөз майталманы қатысты. Шараны облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырса, бас демеуші «ҚазЦинк» ЖШС.
Турнирге екі пікірсайысшыдан құралған 36 фракция қатысты. Соның ішінде 24 топ қазақ тілінде өзара кім мықтыны анықтаса, 12 фракция орыс тілінде пікірсайысқа түсті.
– Қатысушылар Республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Абай, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан келді. Іс-шараның мақсаты-жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, елімізде және біздің өңірде пікірталас қозғалысын дамыту, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Айдос Әділбеков.
Айта кетерлігі, өткен сенбіде мықты деген фракциялар іріктелді. Ал жарыстың екінші күні турнирдің жартылай финалдық және шешуші кезеңі өтті. Ортаға тақырып тасталғанда үкімет пен оппозиция болып бөлінген топтар небір фактілер мен аргументтерін ұсынып, төрдегі төрешінің сенімінен шығуға тырысты. Әр тараптың өз шындығы бар. Астана мен Семейден келген жастар ұпайды молынан алды.
Шараның салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Оған өңір әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев қатысты.
– Қазақстанның әр түкпірінде болатын пікірсайыс турнирлеріне үш жылдан бері қатысып келемін. Ал Өскеменге бірінші рет келіп тұрмын. Шыны керек, дебатқа деген ерекше ықыласым болмаса бұл қалаға келуім екі талай еді. Пікірсайыс – адамның сыни ойлауын дамытатын ерекше ойын, өйткені жеңіс дәмін татқысы келетін әр пікірсайысшы өзін дамытып, үнемі ізденіс үстінде болады. Қазіргі заманда бұл өте пайдалы дағды дегім келеді. Бір турнирдің төңірегінде біз бірнеше тақырыпта ойын көрсетеміз. Ойланамыз, бұл миға арналған тамаша жаттығу. Бүгінгі турнирдің қарарлары түрлі тақырыптарды қамтыды. Барлығы дерлік ақылға қонымды, логикасы бар, – деді Қарағанды облысынан келген пікірсайысшы Рустам Сүлейманов.
Турнир қорытындысында жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықпен, нақты айтсақ, Apple MacBook Air ноутбуктерімен марапатталды. Қазақ тілінде ойын көрсеткен Абай облысының командасы «Шоқан Уәлиханов» жеңімпаз атанса, дәл осы облыстан келген «Андрей Рублев» фракциясы орыс тіліндегі ойында топ жарды. Турнир финалистері де бағалы сыйлықтан құр алақұан қалмады, оларға Apple Watch se GPS смарт сағаты табысталды. Жарыстың «Үздік спикер» және «Үздік төреші» номинацияларының жеңімпаздары «Yandex» ақылды колонкаларына ие болды.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер